Елдегі ЖОО-лардың үздік оқытушысы анықталмақ, жеңімпазға 6 млн теңге сыйақы бар

0 17

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2022» республикалық байқауына құжаттар 1-15 қараша аралығында қабылданады. Конкурс жеңімпазы 6 миллион теңгеден астам сыйақы алады. Бұл туралы Жамбылинфо Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Байқаудың мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және жоғары оқу орындары оқытушыларын кәсіби тұрғыда одан әрі дамуға ынталандыру.

Байқауға жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары қатыса алады. Олардың үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі (кемінде 5 жыл), оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері болуы тиіс. Өтінімдер мен құжаттар ақпараттық жүйе арқылы электрондық форматта қабылданады.

Конкурс 2 кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, алдымен жоғары оқу орнының ішінде, кейін республикалық деңгейде өтеді.

«Жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамынан тұратын сарапшылар тобы үміткердің сандық және сапалық көрсеткіштерін екі бағыт – оқыту сапасы және ғылыми-зерттеу қызметі бойынша бағалайды. Сараптау тобының қорытындысы негізінде ЖОО комиссиясы конкурсқа қатысушылардың екінші республикалық кезеңге қатысуы туралы шешім шығарады. Республикалық деңгейде құрылған комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері мен сарапшылар енгізілді», — деп хабарлады Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Айта кетейік, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпаздары ақшалай ынталандырумен қатар, төсбелгіге де ие болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.