Тасымалдаушы компаниялардың салық түсімдері 3 есе артқан

0 1

Өткен жылдың қазан айында Тараз қаласында қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру енгізілді. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін танытты ма? Осыған байланысты жүргізілген талдау нені көрсетті? Бұл туралы өңір басшысының төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты сараланды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтың айтуынша, 205 мың бірлік TulparCard картасы шығарылған. Оның 171,2 мыңы қолданыста, 33,8 мыңы резервте, қосымша тағы 10 мың карточка дайындауға өтінім берілген. Тараздықтар жол жүру ақысын TulparCard картасымен, QR-код және автобустың цифрлық коды арқылы төлеу мүмкіндіктерін оң бағалауда. Қазіргі таңда SMS және USSD-код арқылы төлеу секілді жүйелерді де қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, TulparCard картасының теңгерімін толтырудың түрлі қызметтері қарастырылған. Облыс орталығының тұрғындарына ыңғайлы болу үшін TulparCard және tarazbus мобильді қосымшалары біріктірілуде, бұл нақты уақыт режимінде қалалық автобустардың қозғалыс кестесін қадағалауға мүмкіндік береді.

Бердібек Сапарбаев оқушыларға арналған қосымшалардың функцияларын кеңейту бойынша жұмыстардың төмендігін атап өтті. Мәселен, бір карта арқылы оқушы мектепке кірерде арнайы турникеттен өтуіне, асханада тамақтануына, қоғамдық көліктерде жүру ақысын төлеуіне болады. Бұл баланың барлық қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға   мүмкіндік береді, ата-аналар үшін де ыңғайлы.

Электрондық билетті енгізу қарқыны мен тиімділігі бойынша Тараз бүгінде Қазақстан қалаларының алғашқы үштігіне кіреді екен.

Жаңа жүйе енгізілгелі бері тасымалдаушылардан түсетін салық түсімдері үш еседен астам өскендігін де атап өткен жөн.

— Электронды билеттендіру өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біз тұралап қалмай, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында бұл жұмыстарды одан әрі дамытуымыз керек, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Фарида Базарбаева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.