Елімізде 1 маусымнан бастап қандай өзгерістер болады
Бүгіннен бастап қазақстандықтардың өмірінде біраз өзгеріс болады. Жақын және алыс шетелге қосымша әуе рейстері ашылады. Астанаға Леонардо да Винчидің шедеврін алып келеді. Ал QIWI-да ақша ұстаған азаматтар өз қаржысын қайтара алады деп хабарлайды Jambylinfo.kz Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
Тұрмыстық зорлық-зобылыққа қарсы заң күшіне енеді
16 маусымда "Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" заң күшіне енеді. Оған сәйкес, зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтіледі:
денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК (738 400 теңге) көлемінде айыппұл, я болмаса, 200 сағатқа қоғамдық жұмыстар, немесе 50 тәулікке дейін қамау;
адамды ұрғаны үшін 80 АЕК (295 360 теңге) көлемінде айыппұл, 80 сағатты қоғамдық жұмыстар немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу.
Сондай-ақ, 15 маусымнан бастап зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы құрылым өз жұмысын бастайды.
Арапа мейрамы
Биыл Арапа күні 15 маусымға келіп тұр. Ол күні Меккеге қажылыққа барған мұсылмандар Арафат тауында жиналады. Оны жасамаса, қажылық орындалмаған деп саналады. Оны қайтадан бастауға тура келеді. Арафат тауына барғандар ауыз бекітеді.
Арапа күні Алладан жасаған күнә-қателіктер үшін көбірек кешірім тілеп, тәубе етіп, дұға қылған дұрыс. Өсек-өтірік, ғайбат сөз, харам дүниелерден тыйылған абзал. Бұған қоса мұқтаждарға қол ұшын созып, ауру-сырқаудың көңілін сұрап, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен татуласып, өкпе-ренішті ұмыту арқылы да мол сауапқа кенелуге болады.
Сонымен қатар Арапа күні әр шаңырақта ұлық мейрам Құрбан айтқа әзірлік басталады. Бауырсақ, шелпек пісіріп, дәмді тағамдар әзірленеді. Мол дастархан жайылып, қонақ күтуге дайындалады. Үйдің іші-сыртын тазалап, ретке келтіреді. Адамдар әдемі, жаңа киімдерін киіп, Құрбан айттың келгеніне ерекше шаттанып қуанады.
Құрбан айт мейрамы
Құрбан айт Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң басталады. Биыл мейрамның бірінші күні дүйсенбі, 17 маусымға түсіп тұр.
Құрбан – араб тілінде "жақындау" деген мағынаны білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Мейрам күндері мұсылмандар Алланың разылығы үшін құрбан шалады. Құран Кәрімде "Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал" деп жазылған.
Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді.
Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.
Қазақстанда Құрбан айттың алғашқы күні демалыс болып саналады. Осылайша, қазақстандықтар 3 күн - 15, 16 және 17 маусымда демалады.
Оман әуе рейсін қайта ашады
18 маусымнан бастап Оманның Salam Air әуе компаниясы "Алматы – Маскат" бағытындағы әуе рейсін қайта ашуды жоспарлап отыр.
"Эйрбас-А320/А321" ұшақтары аптасына екі рет (сейсенбі және жұма күндері) жолаушылар тасымалдайды. Әрбір ұшаққа 180-230 адам сыяды.
Ақтөбеге дейін "Тальго" жүреді
10 маусымда "Астана-Қостанай" бағытындағы Тальго пойызының бағдары Ақтөбе станциясына дейін ұзартылады.
Пойыз Астанадан жұп күндері, ал Ақтөбеден тақ күндері жүреді.
Айта кетері, жолаушылар пойыздарына жол жүру құжаттарын алдын-ала 45-тен кем емес және пойыз жөнелтілгенге дейін 1 тәуліктен аспайтын мерзімде сатып алуға болады. Кеңейтілген маршрутқа билеттер сатуға шығарылды.
Астанадан тікелей Сеулге
15 маусымнан бастап Air Astana компаниясы Астанадан тікелей Сеулге ұшатын әуе рейстерін қайта іске қосады. Бұл бағыт 2020 жылы пандемияға байланысты тоқтатылды.
Енді, әуе рейстері аптасына екі рет орындалады. Жолаушыларды Airbus A321LR ұшақтары тасымалдайды.
Қазіргі кезде Алматыдан да Сеулге ұшуға болады. Бұл рейстер 2003 жылы іске қосылды. Жалпы, 22 жылдың ішінде Air Astana "Алматы – Сеул" бағытында шамамен 800 мың жолаушыны тасымалдады.
"Наурыз" бағдарламасына құжат қабылдау аяқталады
Биыл 25 сәуірде Қазақстанда "Наурыз" ипотекалық бағдарламасы басталды. Өтініш қабылдау уақыты – екі ай. Осылайша, маусымның соңында құжат қабылдау аяқталады.