Елімізде 6 қоқыс өңдеу зауыты іске қосылады

0

«Nur Otan» партиясының жаңа экологиялық кеңесінің алғашқы ұйымдастыру отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану, орман қорын ұлғайту, шөлейттену проблемасын шешу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа да өзекті мәселелер қаралды.

«Партияның сайлауалды уәделерін орындау аясында 1 шілдеде жаңа Экологиялық кодекс күшіне енеді. Енді қоршаған ортаға зиянды шығарындылар үшін төленетін барлық ақшалай түсімдер тек табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсалады. Сондай-ақ, Парламент «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын және полигонның ластанған жерлерінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын қарауды жоспарлап отыр. Осы бағытта белсенді жұмыс істеуіміз қажет», деді Кеңес төрағасы және «Nur Otan» фракциясының Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов.

Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақмола облысындағы Қопа, Бурабай және Шортанды, Ақтөбе облысындағы Шалқар көлдерін тазарту, сондай-ақ Арал теңізінің солтүстік бөлігін және Жайық өзенінің суағарын қалпына келтіру жоспарлары туралы айтты.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін 716 мың гектардан астам жерге 2 млрд ағаш отырғызу міндеті тұр. Бүгінгі таңда ағымдағы жылға жоспарланған 130,2 млн ағаштың 66,5 млн-ға жуығы отырғызылды. Шөлейттену проблемасын шешу үшін 433,9 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылады», деді экология министрі.

Отырыс барысында Кеңес төрағасының орынбасары Еділ Жаңбыршин өңірлердегі нақты экологиялық проблемаларға назар аударып, олардың тізілімін қалыптастыруды ұсынды.

«Мәселен, су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі бар, оны өңірлер бойынша нақтылау қажет. Жақында Ақтөбе облысында (Мұғалжар, Темір аудандары) экобелсенділер Ойыл өзенінің сағасында 33 заңсыз салынған бөгет, 3 тоған және 2 көпірді анықтады. Мұндай жағдайлар басқа облыстарда да болуы мүмкін», деді Еділ Жаңбыршин.

Отырыс қорытындысы бойынша салалық министрлікке кеңеспен бірлесіп өңірлерде экологиялық саясатты жүзеге асырудың әдістемесін әзірлеу және оны іске асырудың тиімділігіне бағалау жүргізу ұсынылды. Партиялықтарды, прокуратура мен полиция өкілдерін міндетті түрде қатыстыра отырып, халықтың қоршаған ортаға қатысты шағымдарына ден қою үшін мобильді топтар құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, партияның экологиялық саясаты аясында қалалардың ауасын жақсарту, су ресурстарын ұтымды пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жол карталарын жүзеге асыру жалғасады.

Мәселен, алдағы 5 жылда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз және Ақтөбе қалаларында қоқысты қайта өңдеу үлесін 30%-ға дейін жеткізе отырып, 6 қоқыс өңдеу зауыты іске қосылады. 2025 жылға дейін Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні газға көшіру жоспарланып отыр.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.