Елімізде журналистердің кәсіподағы құрылды

21

Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы» құрылды. Бұл туралы елге танымал журналистердің қатысуымен өткен онлайн-конференцияда айтылды.

Журналистердің салалық кәсіподағы отандық БАҚ саласының дамуы, тілшілер қауымының қоғамдағы ықпалы мен рөлінің артуына, мәртебесінің көтерілуіне күш салады. Ұйым төрағасы ретінде журналистикада 30 жылдық тәжірибесі бар, көрермен көзайымына айналған белгілі тележүргізуші Зейін Әліпбек ұсынылып, салаға жетекшілік ететін болды.

«Өкінішке қарай, журналист қауымының кәсіби жұмысы көбіне еленбей, көлеңкеде қалып жатады. Кейде, әріптестеріміз қызметтік міндетін орындау кезінде түрлі кедергілерге тап болатынын да көріп жүрміз. Сондықтан журналистердің құқықтық, әлеуметтік мәртебесін көтеруге барынша күш салуымыз керек. Бұл мәселемен жүйелі түрде айналысатын бізге БАҚ қызметкерлерінің одағын құру қажеттілігі туып отыр» — деп атап өтті «Astana TV» телеарнасының бас директоры Құрманбек Жұмағали.

Салалық кәсіподақ басшысы Зейін Әліпбек құрылымның жоспары мен алдағы бағыттары туралы жан-жақты баяндап берді.

«Алда журналистердің әлеуметтік-құқықтық жағдайын жақсартуды көздейтін көптеген шаруалар, игі бастамалар тұр. Әсіресе, журналисттердің шеберлігін шыңдап, кәсіби өсуіне бағытталған және қазақстандық БАҚ-тың әлеуетін күшейтуге арналған ілкімді жобалар бар. Оны тек қана кәсіподақ атқарады деуге болмайды. Оның барлығына сіздермен, құрметті әріптестер, бірлесе отырып қана қол жеткізе аламыз», — деп атап өтті Зейін Әліпбек.

Айта кету керек, 2020 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 3 669 БАҚ тіркелген. Барлығы 2 964 мерзімді басылым, 161 телеарна, 73 радио, 471 ақпараттық агенттік және желілік басылым бар.

azattyq-ruhy.kz