Көз тоймайтын коттедж қалашығы

0

Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жақын арада күн тәртібінен түспесі анық. Өйткені бұқараның өз үйіне деген сұранысы артпаса кемімей отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттің тұрғын үй құрылысына қатысты әлеуметтік-экономикалық саясатын да әйгілемек. Ал қазір елімізде бұл бағыттағы жұмыс қызу. Әрі құрылыс қарқынының ірі қалалардан бөлек, аймақтарда да ерекше екпін алғанына қуану керек. Осы лекте Алматы облысы да бар.

Мәселен, алдағы бес жылда Жетісу жерінде 5,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деген жоспар бар. Яғни облыста әлеуметке қолжетімді тұрғын үй көлемін арттыруға нақты көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, биыл аталған шаршы аумақтың 1 млн шаршы метрден астамында құрылыс аяқталып, тұрғын үйлер пайдалануға беріледі екен. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 191 мың шаршы метр баспана салынуда. Бұл жалпы саны 1 390 пәтерден тұратын 37 көп қабатты үй болмақшы. Сондай-ақ «Бақытты Отбасы», «7-20-25», «Шаңырақ» бағдарламалары арқылы 1 906 адам қоныс тойын тойлайды.

Тұрғын үй кезегіндегі тізім саны Талдықорған қаласында да жыл өткен сайын толығып келеді. Қазір облыс орталығында 16,8 мың адам баспанадан үмітті екен. Ал талдықорғандықтарды баспанамен қамту мақсатында өткен жылы 137,5 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, биыл жалпы көлемі 164 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. Қазір қаланың 6, 7 және 8 шағын аудандарында 33 көп қабатты үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ қарқынды құрылыс алаңына айналған коттедж қалашығында тағы 232 қос қабатты жеке үй өз иелерін таппақшы.

Коттедж қалашығы демекші, Талдықорғанға кіре берістегі үлкен сәулет алаңындағы ақшаң­қан үйлердің бой көтергеніне санаулы ғана жыл болған. Жоспар бойынша аумақта 600-ден астам коттедж салынуы тиіс. Бүгінге дейін 400-ге жуық баспананың құрылысы аяқталып, баспана кезегінде тұрған адамдар үйлі болып та үлгерген. Мұндағы баспаналар ұзақ жыл үй кезегін күткен тұрғындар мен көп ба­лалы аналарға, мүмкіндігі шек­теу­лі жандарға, әлеуметтік са­ла қыз­мет­керлеріне кезең-ке­зеңімен беріліп отыр. Соңғы екі жылда коттедж қалашығында 35 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліп, 386 отбасы баспаналы болды. Ал былтыр «Тәуелсіздікке тарту: 30 күнде 30 нысан» акциясы аясында 120 үй иесін тапса, оның ішіндегі 30 коттедж ден­саулық сақтау саласының қыз­меткерлеріне берілген екен.

– 2006 жылдан бері Талды­қор­ған­да үй кезегіне тұ­рып келдік. Жеке баспанаға қол жеткізу ба­қыты 2020 жылы ғана жетті. Онда да дәл мынадай екі қабатты коттедж бұйырады деп күтпедік. Он төрт жыл бойы пәтер жалдап тұрған маған бұл баспана хан сарайындай көрінді. Қалашықта барлық инфрақұрылым жасалған екен. Үйімізге су, газ, электр же­лі­лері тартылған. Енді жаңа үй болғасын кем-кетіктер болады. Оны үйді салған құрылыс компаниясы реттеп берді. Оның үстіне бұл үйге ай сайын 8 мың теңге ғана төлеймін, – дейді коттедж қалашығының тұрғыны Индира Мұқаметқалиева.

Бұл коттедж қалашығы бар­лық инфрақұрылыммен қам­тыл­ған, әлеуметтік нысандары бар жеке аудан ретінде дамып келеді. Қазір аумақтағы спорт ала­ңының құрылысы аяқталуға таяу, онда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары болады. Ал жыл соңына дейін коттедж қа­лашығының аумағында 900 орындық жаңа мектеп пен 300 орындық балабақша құрылысы аяқталып, іске қосылмақшы.

Жалпы, бүгінде облыс бо­йынша пәтерден үмітті 51,8 мың адам кезекте тұр екен. Ал былтыр 2 395 отбасы тұрғын үймен қамтылған. Бұл санатта көп балалы және әлеуметтік жағынан қорғалмаған топқа кіретін 1 258 отбасы бар.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.