Қазақстан Ыстанбұл конвенциясына қосыла ма?

0

Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл «БҰҰ – әйелдер» құрылымының қолдауымен Қазақстанның Еуропа Кеңесінің Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы конвенциясына (Ыстанбұл конвенциясы) қосылу перспективаларын талқылау бойынша консультациялар өткізді.

Іс-шара барысында қаты­сушылар Ыстанбұл конвенция­сы мен Әйелдерге қатысты кем­сітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциямен анықталған халықаралық стандарттар мен нормаларды интеграциялау арқылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың қолданыстағы құқықтық және саяси негіздерін нығайту перспективаларын талқылады. Қатысушылар сондай-ақ осындай нормалар мен стандарттарды одан әрі жүзеге асырудың негізгі тәсілдері мен стратегиялары туралы пікір алмасты.

Талқылауға Парламент Мәжі­лісінің депутаттары, мемле­кет­тік органдардың, азаматтық қоғам­ның өкілдері, сарапшылар, да­му саласында жұмыс істей­тін халықаралық ұйымдар қатыс­ты. «Қазақстанда әйелдер мен бала­лардың құқықтарын қорғау бо­йынша кешенді шаралар қа­былдануда. БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы конвенциясы мен Бейжің декларациясына қосыла отырып, Қазақстан әйелдер құқығын сақтау мен қорғаудың кепілдіктерін растады. Біз Ыстанбұл конвенциясының тұжырымдамалық маңыз­дылы­ғын, оған қосылу үшін қандай ша­ралар қабылдау керек екенін, заңнаманы үйлестіру мәселелерін және келесі қадамдарымызды тал­қыладық», деді Президент жа­нын­дағы Әйелдер және от­ба­сы­лық-демографиялық саясат жө­ніндегі ұлттық комиссия төрай­ы­мының орынбасары Елена Тарасенко.

2019 жылы Азия-Тынық мұ­хи­ты аймағына арналған «Бей­жің+25» аймақтық шолу жиналысында және Найробиде өткен Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның саммитінде Қазақстанның ресми делегациясы Үкіметтің Ыстанбұл конвенциясын ратификациялау ниеті туралы хабарлады. 2020 жылы 22 сәуірде Еуропа Кеңесінің ми­нистрлер комитеті Ыстанбұл кон­венциясына Еуропа Кеңесіне мү­ше емес алғашқы мемлекет­тер ре­тінде Қазақстан мен Тунис­ті шақыру туралы шешім қабыл­дады.

Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова өз сөзінде: «БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті өткен жылы Қазақстанға Ыс­танбұл конвенциясына қосылу туралы ұсыныс жасады. Осыған байланысты құқықтық және отба­сылық саясаттың міндеттерін ескере отырып, осы құжатты бір­қа­тар ашық талқылауды қамта­масыз ету қажет. Бүгінгі сұхбат келесі жылы тәжірибелі заңгер­лер­дің немесе қоғам қайраткер­лерінің, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жал­ғасуы керек. Бұл тұрғыда бас­ты міндет – азамат пен қоғамның зорлық-зомбылық үшін жазаның сөзсіз екендігі туралы санасын қалыптастыру керек екенін есте сақтау керек».

«COVID-19 басталғанға дейін де әйелдер мен қыздарға қа­тыс­ты зорлық-зомбылық пандемия деңгейіне жетті. Өткен жылы әлемде 243 миллион әйел мен қыз интимдік зорлық-зомбы­лыққа ұшырады. Сонымен бірге, зорлық-зомбылық көрген әйел­дер­дің 40 пайыздан азы көмек­ке жүгінеді немесе көмек сұрай­ды. Коронавирустың таралуын тоқтату үшін елдер оқшау­лау ша­ра­ларын енгізген кезде, әйел­дерге қатысты зорлық-зомбы­лық, әсіресе тұрмыстық зор­лық-зомбылық күшейе түсті – кей­бір елдерде сенім телефонына қоңырау шалу төрт есеге арт­ты. БҰҰ-ның Халықты қоныс­тан­дыру қорының (ЮНФПА) бағалауы бойынша карантиннің әр 3 айы жаңа құрбандарға әкеле­ді – қосымша 15 миллион әйел», деді, Еуропалық және Орталық Азия аймақтық «БҰҰ-әйелдер» құрылымының үйлестірушісі Наргис Азизова.

Оның айтуынша, қазіргі кезде үкіметтердің нақты іс-әрекеттері халықаралық нормалар мен стан­дарттарға сәйкес зорлық-зом­былық құрбандарын тиімді және уақы­тылы қорғау мен көмек көрсе­туді қамтамасыз ету болып табы­лады.

Айта кетейік, 2011 жылы
7 сәуірде Әйелдерге қатысты зор­лық-зомбылықтың және тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы жаңа конвенция – Ыстанбұл конвенциясы қабылданды. Ыстанбұл конвенциясы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою бойын­ша үкіметтің іс-әрекеті үшін ег­жей-тегжейлі, жан-жақты жә­не заңдық тұрғыдан міндетті стан­­дарттарды қамтиды. Құжат мұн­дай зорлық-зомбылыққа мүл­дем төзбеушілікке бағытталған және Еуропаны және одан тыс жер­лерді гендерлік зорлық-зом­бы­лықтан ада қауіпсіз жерге айнал­дыруға бағытталған қадам болып табылады. Ыстанбұл конвенция­сын 34 мемлекет ратификациялап, 12 мемлекет қол қойған.

 

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.