Талдықорғанда жедел жәрдем көлігінде әйел босанып, көлік апатқа түсті

0 17

Талдықорғанда аяғы ауыр келіншек перзетханаға жетпей, жедел жәрдем көлігінде босанып қалды.

Жетісу облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, аяғы ауыр келіншекті Қапал ауылынан алып келе жатқан. Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталыққа баруы тиіс әйелдің толғағы көлік ішінде қысып, фельдшерлерге оны көліктің ішінде босандырып алуға тура келген.

«Талдықорғандағы шығыс шағынауданда жедел жәрдем көлігін өзге көлік соғып, оқиға орнынан қашып кетті. Қазір тергеу жүріп жатыр. Ал бала мен ананың да жағдайы жақсы, дүниеге ұл келді. Олар анасымен перинаталдық орталыққа жеткізілді»- деп мәлімдеді аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

«Жедел жәрдем көлігінде босанған әйел 1997 жылғы. Үшінші баласын босанды. Сәбидің салмағы 4 келі. Ұл бала. Қазір нәрестенің де, анасының да жағдайы жақсы»,- деді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қанат Қалиханұлы.

Ал Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әзірге көлік табылмаған, іздеу жұмыстары жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.