Қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері (18 жастан асқан) коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі тиіс. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінде айтылды.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы ұйымдастыру іс-шараларының ішінде: педагогтарды, қызметкерлерді, 18 жастан асқан студенттерді 100% вакцинациялау (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды не соңғы үш ай ішінде ауырып қалғандарды қоспағанда), сондай-ақ барлығына, оның ішінде білім алушыларға қатысты Ashyq қосымшасын пайдалану бар.
«ЖОО мен колледждердің дәстүрлі оқыту форматына көшуі кезінде вакцинацияланбаған студенттерді онлайн оқытуға көшіруді қамтамасыз ету қажет», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Оқу орындарына, кітапханаларға және жатақханаларға кірген кезде міндетті түрде Ashyq қосымшасын пайдалану қажет екені де айтылды ведомствода.