Елордада 490 млн теңге жинаған қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, олар әлеуметтік желіде тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынған.
Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 млн теңге болған, оның табысы 40 күн ішінде 90%-дан асады делінген. Қаржы пирамидасына 60 адам 490 млн теңгеден астам ақша салған.
Күдіктінің бірі премиум санатындағы пәтер сатып алып, енесінің атына жаздырған. Тергеу басталғанда басқа адамға рәсімдеп үлгерген.
Күдіктілер 72 млн теңге шығынды өтеді. Салымшы ақшасына алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілер шығынын өтеуге берілді.