Жаңалықтар

Елордада үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты басталды

Чемпионатқа Азия құрлығының 26 елінен келген 210 спортшы қатысып жатыр

Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан үстел теннисінен XXVII Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады деп жазады Jambylinfo.kz

Сары құрлық додасының ашылу салтанатына Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысып, байрақты бәсекеде өнер көрсететін спортшыларға сәттілік тіледі.

Елордадағы біріншілікте әлемнің үздік ойыншылары, соның ішінде Олимпиада чемпионы Ван Чуцинь (Қытай), күміс жүлдегерлер Мива Харимото мен Миу Хирано (Жапония), сондай-ақ Олимпиаданың алтын жүлдегері Сунь Инша (Қытай) бақ сынайды.

Бұл сында ел намысын Рио-2016, Токио-2020, Париж-2024 Олимпия ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қатысушысы Анастасия Лаврова, миксте жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Алан Құрманғалиев, сондай-ақ халықаралық турнирлердің жүлдегері Сарвиноз Миркадирова мен Зауреш Акашева қорғайды.

Айта кетейік, үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты 13 қазанға дейін жалғасады. Жарыстар күн сайын 10:00-21:00 аралығында өтеді.