Емханада медициналық көмек көрсетілмесе, пациент не істеуі керек?
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облысы бойынша филиалы мәлімдеді
Емханаға жүгінген азамат қажетті медициналық көмекті ала алмаған жағдайда, өз құқығын қорғауға толық мүмкіндігі бар, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Егер пациент тіркелген емханада қажетті бейінді дәрігердің кеңесін ала алмаса, диагностикалық қызмет көрсетуге арналған жабдық болмаған жағдайда немесе қабылдауға жазылу мүмкіндігі болмаса, пациент басқа медициналық ұйымға жолдама сұрауға құқылы. Бұл ретте мемлекеттік қана емес, жеке клиникаға да жолдама алуға болады. Алайда ол медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер базасында болуы тиіс.
Маңыздысы — пациент тіркелген емхана мен таңдалған клиника арасында қосалқы орындау шартының бар-жоғы ескерілмейді. Себебі жолдама рәсімделген кезде бұл ақпарат ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптасады.
Ал егер медициналық көрсеткіштер бола тұра жолдама берілмесе немесе медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, азамат Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіне алады. Мұндай қызметтер еліміздегі әрбір медициналық ұйымда жұмыс істейді және мәселелерді «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге бағытталған.
Мамандар азаматтарға медициналық қызмет алу барысында өз құқықтарын білу және қажет болған жағдайда тиісті органдарға жүгінуден тартынбауға кеңес береді.