Енді қазақстандық студенттер әскери кафедраға оқуға түсу үшін онлайн өтініш бере алады
Құжат қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
1 ақпаннан бастап Қазақстандағы жоғары оқу орындарының студенттері әскери кафедраға оқуға түсу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн форматта тапсыра алады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
eGov.kz порталының мәліметінше, құжат қабылдаудың жаңа тәртібі офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламаларына іріктеу процесін жеңілдетіп, оны еліміздің барлық өңіріндегі студенттер үшін ашық әрі қолжетімді етеді.
Онлайн өтінішті күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері бере алады. Құжат қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Жаңа формат үміткерлерді тексеру процесін де автоматтандырады. Өтінім жолданар алдында жүйе психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлеріндегі есепте тұрған-тұрмағанын, сондай-ақ мүгедектігі мен соттылығының бар-жоғын автоматты түрде тексереді.
Сонымен қатар жеке басын куәландыратын деректер мен білім туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден пайдаланушының қатысуынсыз алынады. Ал байланыс телефоны Мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда автоматты түрде толтырылады.
Өтініштің қаралу нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады. Оң шешім қабылданса, өтініш берушіге электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған электрондық құжат ұсынылады. Ал бас тартылған жағдайда себептері көрсетілген хабарлама жіберіледі.