Жаңалықтар

Енді қажылыққа бару тәртібі қатаң бақылауға алынады

Енді виза тек Nusuk платформасы арқылы, ресми медициналық анықтама негізінде ғана берілмек

Енді қажылыққа бару тәртібі қатаң бақылауға алынады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Сауд Арабиясы 2026 жылдан бастап қажылыққа бару ережелерін күшейтеді. Енді виза тек Nusuk платформасы арқылы, ресми медициналық анықтама негізінде ғана берілмек. Денсаулығы қажылыққа баруға жарамсыз деп танылған адамдарға рұқсат берілмейді.

Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүйрек жеткіліксіздігі (диализ қажет ететін), жүрек жеткіліксіздігі, тұрақты оттегін қажет ететін өкпе аурулары, бауыр циррозының ауыр түрі, психикалық немесе неврологиялық бұзылулары бар, сондай-ақ кәрілік деменцияға шалдыққан адамдар қажылыққа бара алмайды.

Айта кетейік, жүктіліктің соңғы триместріндегі әйелдер мен жүктілігі асқыну қаупі жоғары аналарға да сапарға шығуға тыйым салынады. Туберкулез, геморрагиялық қызба және басқа да жұқпалы аурулармен ауыратындар, сондай-ақ химиотерапия немесе иммуносупрессивті ем алып жүргендер де қажылыққа қабылданбайды.

Қажылық министрлігі жаңа талаптарды бұзған немесе жалған ақпарат берген азаматтарға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.