Энергетика вице-министрі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің дайындық жұмыстарын тексерді

Сапар мақсаты - энергетика саласындағы еліміздің ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі бойынша құрылыс кезеңіне дайындық барысын бақылау.
Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жоспарланған учаскеге жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сапар барысында вице-министр құрылыс-монтаж жұмыстарының кезеңдерімен танысып, мердігер ұйымдардың өкілдерімен жұмыс кеңесін өткізді. Сондай-ақ, олармен логистика, техникамен қамтамасыз ету және жергілікті атқарушы органдармен үйлестіру мәселелерін талқылады. Ерекше назар жұмыс кестесінің сақталуына, құрылыс сапасына және нысандардың техникалық дайындығына аударылды.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Нәтижесінде газ құбырының өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метрге дейін артады. Бұл еліміздің оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлерін тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жоба Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Катар Мемлекеті Үкіметі арасындағы келісім аясында катарлық инвестормен бірлесіп жүзеге асырылатын болады. Катарлық инвесторға Қазақстан тарапынан және QazaqGaz компаниясы арқылы жобаны сәтті іске асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған.