Ербол Қарашөкеев өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Басқосу барысында аймақ басшысы дөңгелек үстел ұйымдастырылған Руханият және тарихтану орталығында ақын-жазушыларға арналған арнайы «Ашық кабинет» жасақталатынын айтты.
Бүгін Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Еркін форматта өткен жиында алғаш болып сөз алған аймақ басшысы «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» екендігін айта келіп, қалам ұстаған қадірлі ортаны Жазушылар одағының биылғы 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы 2025 жылды өңірде кітап оқу жылы деп жариялап, «Тараз - кітап оқитын қала» жобасы жүзеге асатындығын айтты.
Келелі кездесу барысында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, Пернебай Дүйсенбин, жазушы-дарматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан және аяулы ақын Шырын Мамасеріковалар сөз алып, өңір руханиятына жаңа серпіліс алып келетін ұтымды ұсыныстарын алға тартты. Мәселен, Елен Әбдуатұлы жуырда ғана екі әкімшілік ауданға бөлінген Тараз қаласының ескі «Әулиеата» кезеңіне жататын бір ғасырлық тарихы бар ғимараттарын қорғауға алып, ескі қаланың мәдениетін жаңғыртуды, сол арқылы туристік класстерге көңіл бөлуге болатындыған баса айтты.
Мұнымен қоса, ардагер журналист, жазушы, аудармашы Бекет Момынқұл келер жылы даңқты батыр Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай халықаралық айтыс ұйымдастыруды ұсынып, посткеңестік елдерге кеңінен танмал жерлесімізге лайықты құрмет көрсету қажеттіген жеткізді. Мұнымен қоса, кеш барысында сөз алған ақын Үміт Битенова мен Ғайни Әлімбекқызы аймақтағы ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін ұйымдастыру қажеттігін де тілге тиек етті.