Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша жамбылдық шенеуніктерге нақты тапсырмалар берді

Бұл туралы облыс әкімі желідегі парақшасына жазды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын мерзімінде іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Аймақ басшысы бүгінгі өткен кеңесте стратегиялық құжаттың негізгі басымдықтарын орындау бойынша аудан әкімдерінің, басқарма мен департамент басшыларының алдына нақты міндеттер қойған.

«Жолдау ел дамуының жаңа бағытын айқындап, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы Жамбыл жерінде пилоттық режимде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасына тоқталып, халықтың табысын арттыру тетігіне жаңа тәсіл, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру маңызды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жамбыл облысы Меркі ауданындағы азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталықтың тәжірибесін басқа өңірлерге таратуды тапсырды.

Кеңес барысында әкімдерге аталған бастаманы облыстың өзге  аудандарында да іске асыру тапсырылды.

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу мәселелері жөніндегі жаңа Заңды ескере отырып, білім басқармасына, аудан әкімдіктері мен полиция департаментіне балаларды қорғау жөніндегі шараларды күшейту міндеті қойылды.

Сондай-ақ биылғы жылдың 6 қазанында өтетін АЭС құрылысы мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумға дайындық бойынша міндеттер жүктелді.

Өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. 823 мыңнан астам жамбылдық науқанға белсенді қатысып, 60 мыңға жуық көшет отырғызды. Санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде.

Жолдауда қамтылған 9 бағыт еліміздің бүгіні мен келешегі үшін өте маңызды. Президент инвестициялық ахуалды және бизнеске қажетті жағдайды жақсарту, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, заң мен тәртіп идеологиясын нығайту бойынша нақты міндеттерді белгілеп берді.

Жүктелген ауқымды тапсырмалар экономикалық өсімге және жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Президент бастамаларының мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз»,-деп жазды Ербол Шырақбайұлы..