Жаңалықтар

«Еркегі жоқ ауыл». Қырғызстандағы ауылда еркек кіндіктердің бәрі шетелге аттанып кеткен

Айырқалпақты ағайынның біразы мигрант болып күн көреді

«Жалғыз жолаушы» ютуб каналының жүргізушісі Қырғызстанның Баткен деп аталатын аймағындағы жұрттың тұрмыс-тіршілігін көрсетеді. Кыштут ауылында еркек атаулы шетелге нәпақа табу үшін кеткен, деп жазады Jambylinfo.kz
Алатаудың арғы жағындағы ағайынның күнкөрісін қазақстандық саяхатшы барынша ашып көрсеткен. Баткен қаласындағы Қара-төбе ауылында әр үйде кемі 5 баладан бар. Ең көбі 8-9 баланы асырап отыр. Жалпы халық ауыл шаруашылығы, соның ішінде егінмен айналысып жан баққанымен, ауылдың азаматтары Ресейге ақша табу үшін мерзімдік жұмысқа аттанған. Ютуб жобаның кейіпкері болған жергілікті тұрғын Элизаның өзі күйеуін жылына екі мәрте ғана көреді. Алыста жүріп ақша табатын отағасы отбасын азықтандырып отыр.
Ал, шалғайдағы Кыштут ауылында мүлде еркек кіндік қалмаған. Барлығы шетел асып, бірі Корея, бірі Ресейге кеткен. Өйткені, онда табыс жоғары дейді ауыл тұрғындары. Саяхатшының сөзінше, әр отбасыда Ресейде жұмыс атқарып жатқан адам бар. Ауылда жұмысқа жарамсыз қариялар мен келіншектер және балалар қалған. Бірақ, мерзімді жұмысын атқарып келген азаматтар табысын өз елінде жұмсайды екен. Үй салады, отбасына қарасады. Қырғызстанның экономикасына осыдан үлкен пайда кіріп жатыр.