Жаңалықтар

Францияның киномамандары Қазақстанда фантастикалық сериал түсіреді

Францияның киномамандары Қазақстанда фантастикалық сериал түсіреді

Қазақстанның кино нарығына инвестиция салған шетелдік ұйымдар 12 пайыз қосымша құн салығынан босатылады. Мәдениет және спорт министрлігі Голливуд режиссерлері мен продюсерлерін тарту үшін рибейт жүйесін енгізіп отыр. Яғни, шетелдік инвестор Қазақстан аумағында фильм түсіруге кеткен шығынның 30 пайызын кейін мемлекет өтейді және қосымша құн салығынан босатылады. «2019 жылы Голливудтың белгілі атқарушы продюсерлеріне, Lionsgate, NBC Universal, Warner Horizon, The Discovery Channel, Global Film Solutions компанияларының өкілдеріне Қазақстан бойынша таныстыру саяхаты ұйымдастырылды. Голливудтың біздің елге деген қызығушылығын ескере отырып, оның ішінде шетелдік кино түсурушілер үшін субсидия тетігін - рибейт жүйесін енгізудің арқасында, Қазақстан үшін де, Голливуд режиссерлері мен продюсерлері үшін де көптеген жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Рибэйт – фильм шығарумен байланысты тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге кеткен шығынның 30%-ына дейін өтеу, сондай-ақ кино өндірушіні 12% қосымша құн салығынан босату. Бұл еліміздің шетелде танымалдығын арттыру және бүкіл әлемнен елімізге инвестициялар тарту үшін ең тиімді құралдардың бірі», - дейді ведомство басшысының орынбасары Нұрғиса Дәуешов. Әзірге осы жие негізінде екі ірі туынды бойынша келіссөздер жүріп жатқан көрінеді. «Қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы шетелдік кинокомпаниялар тарапынан инвестициялар тарту бойынша жұмыс жүргізуде және осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, биылғы жылы түсірілімдері Қазақстанда өтетін екі ірі бюджеттік көркем сериал шығару жоспарланып отыр: «Инфинити» фантастикалық сериалы (Франция) және «Шаман» мистикалық драмасы (Ресей)», - деп жазады вице-министр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Испания мамандары бірігіп фильм түсіріп жатыр. Сондай-ақ, Нұрғиса Дәуешов киноға бөлген қаражатты игерушілер қалай іріктелетінін түсіндірді.