Халықаралық олимпиада: Қазақстандық оқушылар ел қоржынына 21 медаль салды

0 11

Биылғы халықаралық пәндік олимпиадалардың аралық қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 21 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында мәлім етті.

«Бүгінгі күнге дейін оқушыларымыз 5 пәннен 21 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль бар. Яғни, 23 қатысушының 21-і жүлделі орындарға ие болды.Бұл жерде ең беделді халықаралық олимпиадалар туралы айтып отырмыз», — деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Министр биыл тұңғыш рет Президенттің қолдауының арқасында қазақстандық оқушылар 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы алып, ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндігіне ие болғанын айтты.
«Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола жүлдені жеңіп алды. Командамыз 174 ұпай жинап, еліміздің олимпиадаға қатысу тарихындағы жаңа рекордын орнатты. Командалық есепте еліміз 17-орында, ал бұл 12 жылдағы үздік көрсеткіш. Физикадан халықаралық олимпиадада оқушыларымыз 1 алтын, 4 күміс медаль иеленді. Бұл соңғы 8 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Былтыр команданың қоржынына 5 күміс түскен болатын. Географиядан халықаралық олимпиадада оқушыларымыз екінші жыл қатарынан алтын медаль жеңіп алды. Биыл да 1 қола медальға ие болдық», — деді ведомство басшысы.
Ал биологиядан халықаралық олимпиаданың қатысушылары 3 күміс және 1 қола жүлде жеңіп алып, былтырғы нәтижелерін жақсартты. Былтыр 1 күміс және 2 қола медаль, сондай-ақ бір Құрмет грамотасын алған болатын.
«Зияткерлік сайысқа қатысқан жас химиктеріміздің жұмысын өте жоғары бағалауға болады. Олар 1 алтын және 3 күміс жеңіп алды. Оның үстіне бұл 2017 жылдан бергі алғашқы «алтын» болды. Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр командамыз 3 күміс және 1 қола медальмен марапатталған болатын. Барлық бағытта оң өзгеріс бар екенін байқауға болады. Бұл балаларымыздың дайындық деңгейін көрсетеді», — деді министр.
Оның айтуынша, алдағы уақытта информатика мен лингвистикадан олимпиадалар өтеді.
«Оқушыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғайтынына сенімім мол. Оқушыларымызды жеткен жетістікпен құттықтаймын. Қолдау көрсеткен ата-аналарына және кәсіби шеберлігі үшін әріптестеріме де алғыс айтқым келеді», -деді А. Аймағамбетов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.