Игерілмей жатқан жер мемлекетке қайтарылуы тиіс

0

Аймақ басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Аудандағы жайылым жер мəселесі жөніндегі облыстық прокуратурамен бірлескен Алқа мəжілісіне қатысып, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.

Пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді анықтау, ревизия жүргізу, мемлекет қорына қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы баяндады. Оның айтуынша, облыстағы жер қорының 32 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Ал жайылымдық жердің көлемі 34 миллион гектардан астам. Мəселен, прокуратура тарапынан жүргізілген тексеріс барысында Байзақ ауданындағы «Тұрсынбай» шаруа қожалығы 15 гектар жайылымдық жерді пайдаланылмай отырғаны белгілі болған. Сол сияқты жайылымдық жерге қатысты заң бұзушылықтарға Шу ауданында да жол берілген. Бұдан бөлек, облыс бойынша 673 мың гектар жайылым 157 лотифундистердің пайдалануында. Бұл анықталған жерлер негізінен Қордай, Шу, Мойынқұм жəне Талас аудандарында орналасқан. Сондай-ақ ревизия барысында кейбір ауыл әкімдері бірде-бір малы жоқ адамдарға жайылымдарды мақсатсыз үлестіргені анықталған. Сонымен қатар жер иесі қайтыс болып кеткен азаматтардың жайылымдық жерлері қайта рəсімделмеген болып шықты. Баяндамашы сөзінің соңында пайдалагылмай жатқан ауыл шаруашылығы мен жайылымдық жерлерді мемлекет қорына қайтаруды жолға қою үшін облыс әкімдігі қасынан арнайы жұмыс тобын құру керек деген ұсыныс айтты.

— Баяндамаңызда облыста пайдаланылмай жатқан үш мыңнан астам жайылымдық жер анықталғанын айтып қалдыңыз. Қазіргі таңда оның қаншасы мемлекет қорына қайтарылды? Біз ол игерусіз жатқан жерлерді қайтарып қана қоймай, қайта айналымға қосуымыз керек, осыны нақтылай кетсеңіз, — деді облыс əкімі. Прокурордың орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы, бүгінгі таңда 263 гектардың қайтарылғанын, қалған жерлер бойынша заң аясында қайтару шаралары қолға алынғанын айтты.

Жиын соңында Бердібек Машбекұлы берілген тапсырмалардың орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.