Жаңалықтар

ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлер туралы мәліметтермен толтырылған жаңа портал іске қосылды

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен batyrlargatagzym.kz порталы іске қосылды

Сайт ІІ дүниежүзілік соғысқа (1941-1945 жж.) қатысқан қазақстандық ардагерлер туралы мәліметтермен толтырылған ашық қолжетімділіктің бірегей ақпараттық ресурсын ұсынады.

Бұл портал – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, оның ішінде Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, еріктілер мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі.

Түрлі ақпарат көздерінен ақпарат жинаған сайт қазақстандықтардың майдандағы ерлігінің мәңгілік ескерткіші болып табылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі пилоттық жобаны 2023 жылы іске қосты және ол бірден азаматтық қоғам мен еріктілердің үлкен қызығушылығына ие болды. Бүгінгі күні порталдың функционалы кеңейтіліп, деректер толыққанды жүйеленді. Портал бір жылдың ішінде, яғни ІІ дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына орай барлық қазақстандық ардагерлер туралы деректерді біріктіретін ақпараттық интерактивті жүйеге дейін жетілдіріледі.

Жобаны жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер қатысты. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды жобаға үлес қосуға шақырды.

Біз әрбір қазақстандықты ҰОС ардагерлері туралы қосымша ақпарат беру арқылы бұл жобаға өз үлесін қосуға шақырамыз. Кез келген адам жеке отбасылық мұрағаттарда сақталған құжаттармен сайтты толықтыруға көмектесе алады. Бұл фотосуреттер, құжаттар, майданнан келген  хаттар және басқа материалдар болуы мүмкін, - деді Балаева. 

Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұлттық құрылтайының III отырысында атап өткендей, мемлекет соғыс жылдарында теңдесі жоқ жауынгерлік және еңбек ерліктер жасаған отандастарымызды ел жадында сақтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.