ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйектері елге жеткізілді

0 16

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери борты соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлер – Николай Гуров, Төлеген Үркербаев және Петр Фоменконың сүйектерін Мәскеуден Нұр-Сұлтанға жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

 

«Сұрапыл соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар мен офицерлердің ұрпақтары әлі күнге дейін бабалары жайлы хабар күтеді. Соғыста қаза тапқан соңғы сарбаз жерленгенге дейін іздеу жалғаса бермек. Біз бірлесіп атқарып жатқан жұмыс жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлығы мен батылдығы туралы тарихты жадымызда сақтауға барынша ықпал етеріне сенімдімін», — деді рәсім барысында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

 

Министр қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін іздестіруге белсене қатысқандардың бәріне алғыс білдірді.

 

Төлеген Үркербаев – Алматы облысының Ұзынағаш кентінен, Петр Абрамович Фоменко – Қостанай облысы Алтынсарин ауданының Щербаковка ауылынан, Николай Матвеевич Гуров – Алматы қаласынан екені нақтыланған.

 

Аталған өңірлерде жауынгерлердің сүйектерін қарсы алу, туыстарына беру және әскери құрмет көрсетіліп, қайта жерлеу рәсімдері өтеді.

 

Айта кетейік, шара ұйымдастырушысы — «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі. Ол Қазақстаннан ІІ дүниежүзілік соғысқа аттанып, қаза тапқан және хабарсыз кеткен сарбаздардың жерленген жерін анықтау бойынша мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен айналысады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.