Жаңалықтар

Интернет алаяқтық өзекті мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресу аса маңызды міндет екенін жеткізді. Бұл ретте ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатқанын да айтып өтті. Мемлекет басшысы жиын барысында қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – алаяқтық әрекеттерге де арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресу аса маңызды міндет екенін жеткізді. Бұл ретте ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатқанын да айтып өтті. Мемлекет басшысы жиын барысында қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – алаяқтық әрекеттерге де арнайы тоқталды.

Қоғамдағы өзекті мәселе

– Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал, Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алаяқтар қитұрқы әрекеттерін қалай жүзеге асырады?

Жалпы, ғаламтордың тілін жетік меңгерген интернет алаяқтары ең алдымен әрбір адам жөнінде ақпарат жинайтыны айдан анық. Уақыт өте құқықтық жағынан сауатсыз тұрғындарға телефон соғып, қитұрқы әрекеттерімен қақпанына түсіреді. Мәселен, өткен жылы Тараз қалалық полиция қызметкерлері алаяқтық қылмыс бойынша 243 деректі тіркеуге алған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 дерекке кемігенімен, жасалған қылмыс түрінің небәрі 60 пайызы ғана ашылған. Бұған себеп – аз уақытта миллиондаған табыс тапқысы келетін азаматтар алаяқтардың арбауына оңай алданып, кейіннен полиция бөліміне арызданатын көрінеді. Алайда, алаяқтардың ізін табу оңай шаруа емес. Бірі шетелде отырып жымысқы әрекетін жүзеге асырса, бірі ізін жасырып үлгереді екен.

Рас, күн өткен сайын сіз бен біз адамнан қулық артылмайтындығына куә болып келеміз. Бірер жыл бұрын кез келген жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) арқылы несие алатын алаяқтар шыққанын естігенде бәріміз таң қалып едік. Ал, қазір олар да заман талабына сай дамып, ендігі кезекте өзіңізге қоңырау шалып, банк есепшотыңыздағы қаражатты оп-оңай ғана шешіп алуға әрекеттеніп жүр. Бұл мәселеде кейбір «сәтті шыққан операциялар» да жоқ емес. Ендеше, оңай олжаны мақсат еткендердің схемаларын тізіп көрелік. Интернет алаяқтары Olx, Market, Kolesa сынды алу-сату желілерінде және басқа да түрлі жолдармен өздерінің қитұрқы әрекеттерін іске асыруға күш салуда. Иә, желілер әртүрлі, бірақ схема бір. Мәселен, сізге кезекті сатып алушы болып хабарласып, тауардың жағдайын сұрап, басқа қаладан екендігін және сізге курьер жіберіп қойғанын алға тартып, келісімшартқа өзіңіздің мәліметтеріңізді толтыруыңызды өтініп сілтемені жібереді. Ал, сіз еш күдіктенбестен сұраған мәліметтің барлығын толтыра саласыз. Осылайша, алаяқтардың өз мүдделерін іске асыруға сіз де байқамай атсалысып кетесіз. Бірақ, әр мәселеге сыни көзқараспен қарайтын әрбір азамат бұл арбауға бірден түсе қоймас.

Банк қызметкерлері бопсалаушы ма?

Бүгінгінің алаяқтарына алданған адамның бірі – тараздық Мира есімді азаматша. Айтуынша, оған орыс тілді бөгде әйел қоңырау шалып, Алматыдан хабарласып тұрғанын және оның атынан несиеге өтініш беріліп жатқанын жеткізген. О баста мұндай мәліметке аса сене қоймаған ол өзін банктің бас маманымын деп таныстырған ер адаммен сөйлескен сәтте қақпанға қалай түскенін сезбей қалған.

– Ол өзін Сергей деп таныстырып, өздерінің Алматыдағы бас кеңседен хабарласып отырғанын айтты. Сонан соң мән-жайды түсіндірмек кейіп танытып, «WhatsАpp» мессенджері арқылы қайта хабарласты. Мені алаяқтардан қорғайтынын, олардың барлық банк жүйелеріне қолжетімділігін үзетінін, сонымен қоса менің шоттарыма қауіпсіздік қызметін жүргізгелі отырғанын түсіндірді. Осыдан соң, «ForteBank» атынан хабарлама жіберді. Маған төрт жыл бойы келіп жүрген хабарлама қайта келді. Яғни, ол банкте өзімнің төлеп жүрген несием болатын. «Күмәнданбауыңыз үшін «ForteBank» ресми сайтынан хабарлама жіберем, ол жерде құпия код болады, осылайша менің алаяқ емес екендігіме көз жеткізе аласыз», – деп сендірді. Артынша маған «мы не можем одобрить вам кредит», деген тағы бір хабарлама келді. Мұны ол кісі алаяқтарды әшкерелеу барысында болып жатқан жайт екенін айтып, одан соң олардың айтқандарын жасап отырсам әккілерді әшкерелейтінімізді жеткізді. Осылайша, шүбә келтірмей айтқандарын жасап, кодтарды айтып отырдым. Кейіннен, «Халық банктен» бас-аяғы 1 миллион 315 846 теңге, «Еуразия» банкінен 2 миллион теңге онлайн форматта рәсімдеген. Ал, банктерге барып, тағы көз жеткізбек ниетте сұрағанымда банк менеджерлері алданғанымды айтты. Бұдан кейін барлық органдарға арызданып, арпалысқа түскен жайым бар, – дейді ол.

Шын мәнінде мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады-ақ. Мәселен, жуырда Тараз қалалық полиция басқармасына жүгінген жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлаған. Азаматша әлеуметтік желіде Қытайдан арзан бағамен ыдыс-аяқ пен басқа да тұрмыстық керек-жарақтарды сататын интернет дүкенді көрген. Ол өзіне ұнаған тауарларды таңдап, мессенджер желісі арқылы хат жазысқан сатушы әйелдің жеке шотына 141 800 теңге көлемінде ақша аударған. Алайда, көрсетілген уақытта әйел тауарларын ала алмаған. Сонымен қатар, онымен сатушы байланысқа шықпай, нөмірін бұғаттаған. Сол сияқты тараздық бір алаяқ «WhatsApp» мессенджерінде арнайы чат құрып, спорттық сайыстарға ставка тігу арқылы тез байып кетуді армандаған тұрғындарға 30 мыңнан бастап, 100 мың теңгеге дейін ақша салдыртып, 14 адамды алдап соққан.

Жуырда ғана Тараз қаласында алаяқтық қылмыспен ұсталған бір азамат өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, жерлестеріміздің бірінің сеніміне кіріп, оның ұлын мемлекеттік қызметке орналастыруға және сот ісін пайдасына шешіп беруге уәде беріп, алаяқтық қылмыс жасау арқылы 16 миллион теңгесін иемденіп кеткен. Дәл осындай алаяқтарға алданғандардың көбісі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты болып шыға келеді. Алаяқтар олардың атынан бірнеше рет несие рәсімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп берген. Әйтпесе, қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болатын көрінеді.

Өткен жылы облыста интернет алаяқтықпен айналысқан 15 азамат ұсталса, олардың 11-і өзге өңірдің тұрғындары екені анықталған. Нақтылай түссек, қитұрқылыққа толы жолмен қылмысқа барғандар Алматы, Шымкент, Семей қалалары мен Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының азаматтары болып шыққан. Өкінішке қарай, бұл жағымсыз құбылысты тек құқық қорғау органдарының күшімен жою әзірге мүмкін болмай тұр.

Телефон алаяқтары өздерін қалай таныстырады?

Сіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде байланыс деректеріңізді алғаннан кейін телефон алаяқтары іске кіріседі. Телефонмен жасалатын алаяқтықтың кеңінен тараған схемасы – банктер мен басқа да қаржы ұйымдары байланыс орталықтарының қызметкерлері немесе операторларынан түсетін қоңыраулар. Әдетте, қаскүнемдер қоңырау соғу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефония сияқты бағдарламалық қамтылымдарды пайдаланады. Әңгіме барысында банктердің жалған қызметкерлері сіздің картаңыздан әлдекімнің қаражатыңызды есептен шығаруға әрекет жасап жатқандығы туралы ескертуге тырысады немесе алаяқтардың сіздің атыңызға несие ресімдеп жатқаны туралы «аңызды» айта бастайды. Олардың осындай әрекеттерін тоқтату үшін ағымдағы шоттағы барлық ақшалай қаражатты дереу резервтік не сақтандыру шотына аудару қажет. Алаяқтар мәселені тез арада шешу үшін тіпті сіздің гаджетіңізге қашықтан қосылу бойынша өз қызметтерін ұсынуы да мүмкін.

Сондай-ақ, алаяқтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан да қоңырау соғулары мүмкін: «Қайырлы күн, мен құзырлы органның қызметкерімін. Сіздің атыңызға шағым түсті және «ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Сізге дереу полиция бөлімшесіне келу керек» немесе «Сіздің балаңыз, досыңыз не туысыңыз полиция бөлімшесінде отыр. Ол көлігімен адам қағып кетті, одан есірткі құралдары табылды немесе жаппай тәртіпсіздікке қатысты», – деп түрлі айла-тәсілдері арқылы қақпанға түсіруге әрекет жасайды. Осылайша сіздің үрейіңізді ұшырған олар арыз ресімделмей тұрғанда мәселені шұғыл түрде шешу үшін сізге белгілі бір шотқа қаражатты аудару қажеттігін айтады. Нәтижесінде алаяқтардың мұндай құрығына негізінен жақын адамын құтқару үшін бар ақшасын беруге дайын тұратын қарт адамдар түсіп жатады. Тұрғындар үшін тағы бір стресстік фактор, әдетте абоненттің қоңырау соғу үшін қолжетімді болмауы. Айта кетейік, қаскүнемдер адамдардың психологиясын жақсы біледі. Олар кәсіби терминдерді қолданып, тез әрі сенімді сөйлейді, кейде қысым жасайды. Тіпті, шешім қабылдауға асықтырып, қорқытады, көбіне қызу жұмыс істеп жатқан офис не полиция бөлімшесінің әсерін беретін дыбыстарды қосып қояды және басқа да тәсілдерді қолданады.

 

Осы орайда интернет алаяқтарынан сақтану үшін KZ-CERT қызметі келесі кеңестерді ұсынады:

* Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.

* Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет. Яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен ғана байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.

* Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз.

* Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар.

* Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы үш санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ, банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.

* Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi нүктелеріне сенбеңіз. Сонымен қатар, өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз.

* Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз. Ал, егер сіз интернет алаяқтардың құрбаны болсаңыз, ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жүгініңіз.

* Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз.

* Күдікті интернет-ресурстар немесе ақшалай пайдаға үміттендіретін сілтемелер айқындалған жағдайда KZ-CERT қызметіне 1400 телефон нөмірі арқылы немесе Telegram мессенджеріндегі «ҚР ақпараттық қауіпсіздігі» тобына жеке хабарлама жіберу арқылы хабарлаңыз.