Инвестициялық табыс ұлғайды

0

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салым­шыларының инвестициялық табысы 475 млрд теңгеге жетті. Жалпы, 2021 жыл­дың 1 мамырындағы ахуал бойынша қор салым­шыларының зейнетақы жинағы 12,6 трлн теңгеден асты. Бұл сома зейнетақы жар­налары мен инвестициялық табысты қамтиды.

Қаңтар мен мамыр аралығында салымшылар шоттарына 475,8 млрд теңге көлемінде таза инвестициялық табыс түскен. БЖЗҚ хабарлауынша, Ұлттық банктің басқаруымен зейнетақы активтері бойынша кірістілік 3,8, ал инфляция 2,7 пайыз болған. Соңғы 12 айда инфляция 7,0, кірістілік 9,8 пайызды көрсетіпті.

«Салымшылардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сырт­қы басқарудағы активтер бойынша кірістер кіре­ді. Барлық зейнетақы актив – БЖЗҚ-ға бірік­тірілген сәттен бастап Ұлттық банк қам­та­ма­сыз еткен инвестициялық табыс шамамен 5,2 трлн теңге болды. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағ­дай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көле­міндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 35,6 пайыз болады», делінген қор хабарламасында.

Елімізде зейнетақы жүйесі жұмыс істей бас­та­ған 1998 жылдан бастап есептер болсақ, таза инвестициялық табыстың 6 трлн теңгеден асқанын байқаймыз. Қордың мәлімдеуінше, зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция болып саналғандықтан, инвестициялық табыс мөлшерін кемінде бір жыл кезеңінде талдау орынды. Күнде­лік­ті нарықтық жағдай жиі құбылатындықтан қысқа мерзімді деректер көрсеткіш болып саналмайды.

Еске салайық, әрбір салымшы өзінің инвес­ти­циялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке ка­би­неттен немесе ұялы қосымшаның көмегімен ба­қылай алады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.