Өңірде қылмыс деңгейі төмендеді
Жақында облыстық полиция департаменті 2024 жылдың алты айында атқарылған жұмысты қорытындылады. Жедел кеңесте облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин жеке құрамға ҚР Ішкі істер министрінің негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді.
Бірінші жартыжылдықтағы жұмыс нәтижесін талдай отырып, полиция департаментінің бастығы қабылданған алдын алу шаралары қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Өңірде қылмыс деңгейі 13,5 пайызға төмендеген.
– Атап айтқанда, аса ауыр қылмыс саны 9,7 пайызға, ауыр қылмыс – 12,1, ауырлығы орташа қылмыс – 29,8, кісі өлтіру – 35, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 31,3, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс саны 24,1 пайызға қысқарды. Тонау деректері 31 пайызға, бұзақылық 37,9 пайызға азайса, алаяқтықтың барлық түрін тіркеу 10,8 пайызға төмендеген. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ұрлықтың 28,1 пайызға, олардың ауыр түрлерінің 15,4 пайызға төмендеуіне қол жеткізілді, – деген Арманбек Хәкімбекұлы қылмыс азайғанымен, жол-көлік оқиғаларын азайту мәселесі де күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.
Жол-көлік апатын азайту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 17 «Автоураган-МС» және 10 «Рарк Райт-С» мобильдік аппараттық кешенін сатып алу жоспарланып отыр. Жаңа техникалар күрделі жағдай байқалатын аудандарға беріледі. Департамент басшысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету әркімнің жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы және жүргізушілердің маневр жасау ережелерін бұзу деректерінің саны 80 пайызға өскенін айтты. Бұл статистика тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамайтындығын дәлелдейді.
Көлікті мас күйінде басқару деректері де алаңдаушылық туғызып отыр. Нақтылап өтсек, соңғы алты айда 355 дерек тіркелген. Жағдайды үнемі бақылауда ұстау үшін патрульдік полиция жасақтарын қайта орналастыру және құқық бұзушыларды уақытша бейімдеу орталығына жеткізу жұмыстары күшейтілген.Қылмысқа қарсы күресті күшейту мақсатында күн сайын ауылдық округ әкімдерімен, ақсақалдармен және жұртшылықпен бірлесіп «Ішімдіксіз ауыл» жобасы бойынша жұмыс жүргізу тапсырылған. Нәтижесінде облыстың 6 ауданында және 16 ауылдық округте дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан.
Жиі кездесетін қылмыстың бірі – интернет-алаяқтық. Жиында Арманбек Баймурзин осы бағытта жүйелі түрде аулаларды аралауды, тұрғындарға, әсіресе егде кісілерге алаяқтардан қорғану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Департамент басшысы тергеушілердің жұмысын ұйымдастыруды қайта қарау керек деп санайды. Жүргізілген талдау қылмыстық істерді қосымша тергеуге қайтарудың негізгі себебі – тергеушілер мен анықтаушылардың істердің толықтығын қамтамасыз ету бойынша талаптарды бұзуынан екенін айтты.Сондай-ақ жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2124 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл бағытқа департамент бастығының тапсырмасы бойынша ерекше назар аударылуда.А.Баймурзин тәртіп пен заңдылықты сақтау туралы айта келе, жас қызметкерлермен жеке құрам арасында қолайлы атмосфераны сақтау үшін жеке жұмыс істейтінін жеткізді.
– Ел Президентінің тапсырмалары, Ішкі істер министрлігінің реформалары – барлығы халықтың полицияға деген сенімін арттыруға бағытталған.Учаскелік полиция инспекторлары – тұрғындар бірінші болып жүгінуі керек сенімді тұлға болуы тиіс. Бірақ барлық учаскелік инспектор өз аймақтарында белсенді жұмыс істейді деп айта алмаймын. Себебі кейде мен өзім тұрғындардан «сіз өзіңіздің учаскелік полицейіңізді білесіз бе?» деп сұрағанда, оң жауап ала бермеймін, – деді Арманбек Хәкімбекұлы.
Кеңес қорытындысы бойынша кадр саясатын жетілдіру, қылмыстың ашылу деңгейін, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру, алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, есепке алынатын тұлғалармен жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.Реті келгенде айта кетсек, есепті кезеңде 200-ден астам тұрғын облыстық полиция департаменті бастығының жеке қабылдауында болған. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында департамент бастығының жеке қабылдауына 190, орынбасарларына – 57, қалалық және аудандық полиция бөлімдері басшылығының қабылдауына 462 адам келген.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарды қабылдау шарасы апта сайын жүргізіледі. Қабылдау барысында өтініштердің көпшілігі аудан тұрғындарынан түскен. Бұл статистика жергілікті жерлерде тұрғындармен кері байланыс орнатылмағанын көрсетеді. Осы ретте аудандық полиция бөлімдеріне жұмысты күшейтіп, әрбір арызды жіті қадағалау тапсырылды. Бұл алдағы уақытта жүйелі шаралар қабылдауға септігін тигізеді.
Ал өткен аптада департамент бастығы 25 тұрғынды қабылдапты. Қабылдауда тұрғындардың мал ұрлығы, алаяқтық деректері бойынша өтініштері тыңдалған. Барлық жолданған сұрақтар басшылықтың бақылауына алынып, тиісті тапсырмалар беріліпті.Сонымен қатар қабылдау барысында полиция қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттері туралы шағымдар да кездескен. Сондықтан Арманбек Хәкімбекұлының тапсырмасымен облыстық полиция департаменті штабы қызметтік тергеу жүргізетін болады. Қызметкерлердің тергеу әрекеттеріне баға беру мақсатында жауап алу кезіндегі бейнебақылау камераларына жазылған жазбалар мұқият зерделенеді.