Израильде туризм пандемиядан зор шығынға батқан салаға айналды
Израильде туризм пандемиядан зор шығынға батқан салаға айналды
Израильдің туризм саласы өз тарихындағы ең қиын кезеңді бастан кешіп отыр. Тіпті соғыс кезінде де жағдай дәл осылай ушықпаған. Пандемия кесірінен туризм тоқырап, саладағы мамандар нәпақасыз қалды. Туризм Израильде пандемияның ең ауыр зардабын тартқан сала, кезінде ол жалпы ұлттық өнімнің үш процентін құрап, жылына 6 миллиардтай еуро табыс әкелетін. Елдің жабылғанына екі апта уақыт өтті. Бұған дейін де шетелдіктердің келуі қиын еді. Тек екпе салдырып, көптеген құжат жинаған адамдарды кіргізетін. Туризм саласының өкілдері әлемде осылай толық жабылған өзге мемлекет жоқ дейді. Ронен Соломон, Израиль Сауда палаталар федерациясы медициналық туризм бағытының жетекшісі: - Елді жауып тастау — ең оңай шешім. Өзге амалын табуға болар еді. Мәселен, елге келген турист интернет-сайт арқылы жалдаған мейманхана немесе пәтерде тиісті мерзімге оқшаулана алады. Тиісті тексеруден өтіп, ПТР-тест пен антиген тапсырып, Израильде саяхаттауына болар еді. Израильден өзге елдерде тап осылай істейді. Біз шетелдіктерден толық жабылған жалғыз елміз. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес, 2019 жылы елге 5 миллиондай шетелдік келген. Ал 2020 жылы саны бір миллионға да жеткен жоқ. Туристік және тасымалдаушы компаниялар жабылып, қонақ үйлер мен мейрамханаларда істеген мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Медициналық туризмнің орны бөлек. 2019 жылы Израильге емделуге 30 мыңдай адам келсе, жиырмасыншы жыл тек бір жарым мыңы келген. Марк Кацнельсон, медициналық туризм компаниясының жетекшісі: - Кеңсем жоқ, тиісінше қызметкерлерімнің саны да едәуір аз. Cондай-ақ шетелде қызметкерлерді жалдаймын, өйткені ондай жұмыс күші арзан. Бұл бұрынғы қызметкерлеріміздің өзге жұмысқа ауысып, табысы азайғанын білдіреді. Көмек беру өтінішіне үкімет гидтер мен туроператорларға мамандығын ауыстыруға кеңес берген. Бұл жұрттың наразылығын тудырып, билік өкілдері кешірім сұрап, сала қызметкерлерін жаңа мамандыққа дайындауға қаражат бөлді.