Жаңалықтар

Кәсіподақ ұстаздар қауымын тұрақты қолдайды

Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданғанына биыл 5 жыл болды. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», деген классик ақын Мағжан Жұмабаевтың аталы сөзін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайта тірілтіп, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Адам баласының ұстаз алдындағы құрметін ештеңемен өлшеуге болмайды десек те, «заң мұғалім мәртебесін көтере алды ма, түйткілі көп білім саласының түйіні тарқатылды ма? деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Заң жобасын талқылау барысында 40 мыңнан аса ұсыныс түскен екен. Жобасы сүзгіден өтіп, кәсіби ортада талқыланып, кейін қабылданған құжатты педагогтер қауымы үлкен қуанышпен қарсы алды. Заң күшіне енген күннен бастап саладағы барлық түйткілдің түйіні тарқатылып кетеді деп ойлағандар да болды. Алайда, мұғалімнің мәртебесін көтеру кешенді жұмысты қажет ететіні анық. Ең алдымен педагогтің өзі, өмір сүріп отырған ортасы, қоғам мен мемлекет дайын болуы тиіс. Ең негізгісі – қоғамдық көзқарас қалыптасуы керек. Өйтпеген жағдайда заң бар болғаны заңды күші бар құқықтық құжат ғана болар еді.

Мәселен білім мен ғылымы қарыштап дамыған Финляндия мен Жапонияда мұндай заң жоқ деседі. «Сэнсэйдің көлеңкесін басуға болмайды» деген бір ауыз сөзбен жапондар мұғалім мен мұғалімдік мамандықты төбесіне көтеріп, құрметтейді. Қоғамдық көзқарас қалыптасуы керек дегенім де сондықтан.Бұл сөзді мұғалімдердің құқығын қорғайтын, еңбек заңдылықтарының сақталуына бақылау жасайтын бірден-бір қоғамдық ұйым – кәсіптік одақтың өкілі ретінде ғана емес, алды студент атанса, кейінгілері мектеп партасында отырған оқушының ата-анасы ретінде көріп, білетін болған соң айтып отырмын.Макаренконың жолын қуған, ата-аналар баласын іздеп жүріп беретін, ұстаз болып жаратылған мықты, талантты мұғалімдерді білемін. Мұндай мамандарға мәртебені ресми заңдастырып берудің қажеті жоқ.

Яғни, педагог кәсіби, біліктілігі жоғары, өзіне сенімді, мамандығын, балаларды жан-тәнімен сүйетін болса, оның беделді болуына еш кедергі кесе көлденең тұра алмайды деген ойды жеткізгім келеді.Сонымен жаңа қабылданған заң педагогтерге қандай мүмкіндіктер берді? «Педагог мәртебесі туралы» Заң 2021 жылдың қыркүйегінен бастап орта білім мекемелеріндегі педагогтердың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендетті.

Мұғалімнің демалысын ұзартып, еңбекақысын көбейтті. Сонымен қатар заң халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын даярлаған педагогті марапаттау, ауылдық жерде тұратын мамандарға жер телімін алуда басымдық беру, жоғарғы оқу орнынан басқа білім беру мекемелеріндегі ұстаздарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру, мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін айыппұл салуды қарастырған.

Педагогтердің мәртебесін айқындап берген заңда «Педагог» ұғымының мәні кеңейтілді, кәсіби ізденісі мен біліктілігін арттыруға бағытталған тетіктер мен әлеуметтік қолдаулар нақтыланды. Заңның негізгі басымдықтары ретінде әлеуметтік қолдауларды айтсақ болады.Яғни барлық педагогтердің сапалық құрамын арттыру үшін өткен 4 жыл ішінде жалақыны екі есе арттыру көзделген және ол жүзеге асты.

Мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының педагогтеріне магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы қарастырылды. Білім беру ұйымына алғаш рет келген жас мұғалімге тәлімгер бекітілгенін де ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, педагогтерге сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша екі есе мөлшерде ақы қарастырылған.

Заңда мұғалімнің құқықтық қорғалуы және оларды кәсіби қызметінен тыс жұмыстарға тартпау тетігі де ұсынылды. Яғни заң педагогті барлық параметрлер бойынша қолдауға бағытталған. Бірақ кез келген заң бірден мінсіз болып қабылданбайды және бірден толыққанды жүзеге аспайды.Осы орайда, облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті салалық кәсіподағының өкілдері заң қабылданып, одан кейінгі тиісті нормативтік база әзірленгенде жұмысшы топтардың қатарында болып, белсенді жұмыс атқарды.

Яғни заңды насихаттауға атсалысып, педагогтердің көкейінде жүрген кейбір өткір мәселелердің назардан тыс қалып қойғанын ашық айтумен болды. Мәселен мұғалімге 25-30 жылда зейнетке шығу мүмкіндігін беру, емделу жәрдемақысының 1 емес 2 еселенген жалақы көлемінде болуы, ауыл ұстазына отын үшін берілетін үстемақы мөлшерінің төмендігі сынды мәселелер үлкен мінберлерде жиі-жиі көтерілді. Аталған мәселелер де кезең кезеңімен, рет-ретімен шешіледі деген үміт әлі де бар.

Азаматтық қоғамның белсенді институты ретінде жергілікті кәсіподақ ұйымы да өткен 5 жылда «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдамасы аясында бірқатар бастамаларды жүзеге асырды. Барлық бастамалар мен игіліктер облыс бойынша 813 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен 65 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі-сала өкілінің әл-ауқатын көтеруге, лайықты жалақыларын алып, алаңсыз жұмыс істеуіне, демалуына бағытталған. 

Біздің ұйымдағы құқықтық қызметтің орны мен рөлі, пәрмені мен ықпалы да педагог мәртебесін көтере түсуге бағытталған. 2019-2023 жылдар аралығында 13 683 сала өкілі кәсіподақтың құқықтық инспекция заңгерлерінің қабылдауында болып, 38 908 құқықтық қызмет көрсетілді.Құқықтық инспекторлармен 1 730 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығын бұзудың 5 492 жағдайы анықталған.

Кәсіподақ мүшелерінен 2 637 арыз-өтініш түсіп, 2 714 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 35 862-ні құрады. Кәсіподақтық инспекция қызметкерлерімен сотқа 64 материал дайындалып, 69 кәсіподақ мүшесіне түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттік камтамасыз етілді. Белсенді құқықтық іс-әрекеттің нәтижесінде аталған кезеңде 72 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылды. 

Ал 2024 жылдың басынан бері еңбек заңдылығының орындалуын бақылау мақсатында құқықтық қызметтің заңгерлерімен барлығы 281 тексеру жүргізілді. Тексерулердің нәтижесінде еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 871 жағдайы анықталды. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша ұйым басшыларына жазбаша ұсыныстар жіберілді. Аталған ұсыныстардың орындалуы, тексеру объектісінен растайтын құжаттармен жауап алу бақылауға алынды.

Есепті мерзімде құқықтық қызмет мамандарымен 5 257 өтініш қаралды.Құқықтық қызметтің мамандарымен кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа 3 талап-арыз берілді. Түрлі сот инстанциясында 15 рет өкілдік етілді. Құқықтық қызметтің белсенді әрекетінің нәтижесінде осы кезеңде заңсыз жұмыстан шығарылуына байланысты 1 кәсіподақ мүшесі жұмысқа қайта орналастырылды.

Заңсыз жұмыстан шығарудың 2 дерегінің алды алынды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта 220 593 985 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат қайтарылып, төленді. Заң қызметі қызметінің 2024 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жалпы экономикалық тиімділігі 303 201 856 теңгені құрады.Әлбетте, облыстық ұйым мен оның барлық құрылымдық бөлімшелері сала еңбеккерлерінің тынығуына, демалысы мен бос уақытын қызықты да мазмұнды өткізуіне, рухани дамуына, кәсіби шеберлігінің ұшталуына баса назар аударады.

Қазақстан кәсіподақтары күні мен Мұғалімдер күні мерекелерімен қатар, «Еңбек күні», «Қарттар күні» де салтанатты түрде аталып өтті. Іс-шаралар қатарында мүшелік ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі бойынша құқықтық оқыту семинарлары, еңбек адамымен кездесулер, «Қазыналы қарттарыма қошемет», «Ұстазыңды ұлықта!» айдарымен үздік өлең, мақала, эссе, бейнеролик түсіруге арналған байқаулар ұйымдастырылды.

Аймақтың 200-аса жас педагог-кәсіподақ мүшесінің қатысуымен жас мамандар арасында кәсіподақтық сананы қалыптастыру, ұстаз еңбегін ұлықтау мен мәртебесін асқақтату мақсатында «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар!» атты облыстық слет өтті. Сонымен бірге, кәсіподақ мүшелері арасында саламатты өмір салтын қалыптастырудың бір көрінісі ретінде білім мекемелері мен ұйымдары басшыларының арасында волейболдан облыстық турнир, ал кәсіподақ мүшелері арасында «Кәсіподақ барысы» облыстық турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Сала еңбеккерлері отандық шипажайлар мен Ыстықкөл, Алакөл жағалауына демалып-сауығу мүмкіндігін де белсенді пайдаланды. Биыл барлығы 368 миллион теңгеге еліміздегі 8 шипажайға жалпы саны 2 355 жолдама алынып, үлестірілді. Маусымнан бастап 630 сала өкілі-кәсіподақ мүшесі Алакөлде демалса, 1 200-ден аса кәсіподақ мүшесі мен олардың отбасы өкілдері кәсіподақ тарапынан 2 шілдеден бастап 6 тамызға дейін Ыстықкөл жағажайында кезекпен сауықтырылуда. 

Облыс әкімдігі білім басқармасымен бірлесе отырып жаңа оқу жылының басталуы мен ұстаздардың кәсіби мерекесінде оқу жылында табысты еңбек етіп, нәтижелі жұмыс көрсете білген үздік білім мекемелері мен білікті ұстаздарды ынталандыру дәстүрі бар. 2023-2024 жаңа оқу жылы қарсаңында өткен облыстық Тамыз кеңесінде және Мұғалімдер күні мерекесінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» аталымдары бойынша жеңімпаз атанған білім беру ұйымдары мен бірқатар озат ұстаздар марапатталды. Бұл шараға облыстық ұйым бюджетінен ынталандыру шарасы ретінде 10 миллион теңге кәсіподақ қаржысы жұмсалды.

Жалпы осы тәжірибе енгізілген 2016-2023 жылдар аралығында 45 білім мекемесі мен ұйымы, 140 үздік ұстазға облыстық кәсіподақ қаржысынан 50,5 миллион теңге ынталандыру сыйақысы табысталды.Ойымды қорытындылай келе, бүгінгі мұғалім жылдам дамып келе жатқан қоғам мүддесіне сай қызмет етіп, кәсіби біліктілігін жетілдіріп, ұстазға тән қасиеттің барлығы бойынан табылып тұрса, ешкім ол мұғалімге мін таға алмайды дегім келеді.

Сондықтан мұғалімдерге өз мүмкіндіктерін кеңінен көрсете білетін кедергісіз ортаны ел болып, қоғам болып ұсына білуіміз керек. Осы ретте, білім беру жүйесіндегі еңбек қатынастарына, педагогикалық ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалға тікелей әсер етуші бірнеше түйткілге назар аударсам деймін. Ең алдымен ҚР Еңбек кодексіне жалақы мөлшерін жыл сайынғы инфляция мөлшеріне индексациялау туралы норманы қайтару керек.

Сондай-ақ, кез келген жалақының негізгі құрамдас бөлігі болып саналатын бюджеттік салада қосымша, үстеме, көтерме ақылары есептелетін, 2015 жылдан бері мүлдем өзгермеген 17 697 теңгені құрайтын базалық лауазымды айлық мөлшерін ұлғайтудың маңызы зор. Сонымен бірге, педагогтерді конкурстық негізде жұмысқа қабылдауды сыбайлас жемқорлық әрекетіне тосқауыл болуы тиіс құрал ретінде құптай отырып, жетілдіре түсу керек. Себебі қолданыстағы ереже білім саласына келетін жас мамандарға қолайлы болмай тұр. Бағалау критерийлері нақтылауды, қосымша регламенттеуді қажет етуде.

Ал мекеме директорларына берілетін санат 3 жылға ғана жарамды, ал педагог үшін 5 жыл. «Неге теңестірмеске?» деген заңды сауал түсуде. Біз оны қолдаймыз. Білім мекемелеріндегі бақылау-қадағалау жөніндегі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан болатын әртүрлі тексерулер де жүйелеуді қажет етеді. Осы аталған түйткілдердің барлығы министрлік деңгейіндегі нормативтік актілер, яғни бұйрықтар, қаулылар, ережелер мен нұсқаулықтарды қайта қарауды талап етеді. Біз де өз тарапымыздан биыл қабылданған «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында аталған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін боламыз. Себебі, мұғалімге жасалған қамқорлық сый да емес, әлеуметтік жәрдем де емес, ол – өркениетті қоғамның даму салты, қоғамымыздың келешегі үшін мұғалімнің алдына қойылған талап пен жауапкершілікті еселеп арттыратын қозғаушы фактор.