Жаңалықтар

Кәсіподақ ұйымдарын құруға немкетті қарамау керек

Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар кәсіподақ ұйымдарына артылатын жауапкершілік жүгі салмақты. Атап айтқанда құрамында 1,8 миллионнан аса мүшесі бар кәсіподақтар федерациясы еліміздегі еңбек адамының құқығын қорғайтын да, көмек беретін де бірден-бір ұйым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі» дей келіп, еліміздегі кәсіподақтарға жүктелетін міндеттің маңыздылығына тоқталған еді. Бүгінгі таңда 23 түрлі саланы қамтитын кәсіподақ ұйымдары мен республикамыздың 18 өңіріндегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігі кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жұмыс істеуде. Олардың барлығы кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға бірлікте!» атты стратегиялық даму бағдарламасының өткен жылға арналған негізгі іс-шаралары мен кешенді жоспарын, бас кеңестің өткен жылғы «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялау туралы шешімін негізге алады.

Атап айтсақ, кәсіподақтар қызметінің ең маңызды бағытының бірі – жұмыскерлердің құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Осы тұрғыда кәсіподақ ұйымдарымен «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында өндірістік жарақаттану, кәсіптік аурулар, өндірістегі жазатайым оқиғалар деңгейін төмендету және қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру және жұмысшылардың денсаулығын сақтауға бағытталған республика көлемінде көптеген іс-шара өтті. Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдармен жүргізілген мониторинг деректері негізінде республикадағы кәсіпорындар мен ұйымдардағы өндірістік жарақаттану деңгейіне талдау жасалды. Республика бойынша былтыр 2022 жылмен салыстырғанда өндіріс ошақтарында жарақат алу жағдайларының 0,3 пайызға өскені байқалады.

Ал кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың саны былтыр 1,4 пайызға азайған. Жалпы 2022 жылы еліміздегі кәсіпорындарда 1 232 жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 1 465 адам зардап шеккен. Ал, өткен жылы 1 236 жазатайым оқиға орын алып, зардап шеккендер саны 1 437-ні құрады. Оның ішінде кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда 422 жазатайым оқиға орын алып, 523 адам зардап шеккен. Осы орын алған жазатайым оқиғаларда 250 адам көз жұмса, оның ішінде кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда 100 адам қайтыс болыпты. Біздің өңірде 2022 жылы қызмет бабымен байланысты жұмыс орындарында 36 жазатайым оқиға тіркеліп, зардап шеккендер саны 46 адамды құраған еді.

Өкініштісі, өткен жылы айтып келмейтін жазатайым жағдай саны артып, 52-ге жетсе, 66 азамат жарақат алып, 9 адам бақилық болды. Осы 52 жазатайым оқиға облыстағы 29 кәсіпорында орын алды. Ал, кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда 11 жазатайым жағдай тіркелген. 52 жазатайым оқиғаның 19-ы «Қазфосфат» ЖШС филиалдарында болған. Сонымен қатар, 3 өндірістік жазатайым оқиға «Golden Compas Jambyl» ЖШС-де, 3-еуі «Жамбыл электр желілері» ЖШС-де, 4-еуі «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасында» орын алған.

Бұл жазатайым оқиғалар бойынша құзырлы мекемелер тарапынан комиссия құрылып, арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, еліміздің заңнамаларына сәйкес кінәлілер анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылуда. Сонымен қатар өткен жылы облыс әкімінің төрағалығымен тұрақты түрде өткізіліп келген әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырыстарында жазатайым оқиғалар бірнеше рет орын алған кәсіпорындардың мәселесі қаралып, басшыларының есептері тыңдалған болатын.

Қабылданған шаралар нәтижесінде «Қазфосфат» ЖШС-де өткен жылдың мамыр-қазан айларында өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жұмыстары қайта жүргізіліп, нәтижесінде жұмыс берушінің қаражаты есебінен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға қосымша ақы және арнайы тамақтандыруды көздейтін жаңа зиянды кәсіптер тізімі жасалды. Сондай-ақ, өндірістік жарақаттануды азайту және алдын алу мақсатында кәсіпорынның барлық филиалдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлерінің штаттық саны 50 пайызға артты. Нөлдік жарақатты көздейтін «Vizion Zero» халықаралық әлеуметтік қауымдастығының бағдарламасына облыстағы кәсіпорындарды қосу жөніндегі ақпараттық науқанды күшейту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылдан бастап 2023 жыл аралығында осы бағдарламаға облыстың 18 өнеркәсіп кәсіпорны қосылды.

Бұл бағытта облыстық кәсіподақтар орталығы мамандары өндірістік жарақаттануды болдырмау және алдын алу мақсатында Тараз қаласы мен аудандардағы ірі және орта өндірістік кәсіпорындарда 33 кездесу өткізді. Ол кездесулерде еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар мен бөлім басшыларына еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері жан-жақты айтылып, түсіндірілді. Бұдан бөлек, облыстағы 10 ауданда әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың отырыстары өтіп, онда еңбек қауіпсіздігіне байланысты және осы аудандарда жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру мәселелері қаралды. Кездесулерге аудан әкімдері, кәсіподақ өкілдері, жұмыс берушілердің өкілдерімен қатар, ауылдық округ әкімдері де қатысып, өзекті мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданды. 

Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар осы жазатайым оқиғалардан зардап шеккен азаматтар мен олардың отбасына кәсіподақ жетекшілерінің бастамасымен арнайы қабылданған ұжымдық шарт талаптарына сай бірқатар материалдық және әлеуметтік көмектер көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, сол мекемедегі кәсіподақ ұйымының қаражаты есебінен берілетін материалдық көмектердің де саны аз емес. Бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігі өңірдегі әртүрлі саланы қамтитын 14 салалық кәсіподақ ұйымының жұмысын үйлестіріп отыр.

Қазіргі таңда облыста бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 1 404-ті құрап, ондағы кәсіподақ мүшелерінің саны 124 мың адамнан асты. Егер облыс көлемінде былтыр 59 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 24 04 адамға артса, 2023 жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып, облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарында 31 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 1 242-ге толықты. Мүшелік базаның өсу динамикасы жыл сайын артып келеді. 

Кәсіподақ мүшелерінің артуы жалпы білім және ғылым, медицина, химия өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, коммуналдық салаларда жыл сайын көрініс табуда. Ал, шағын және орта бизнес саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінде кәсіподақ ұйымдарын құру жұмыстары тұралап тұр. Оның бірден-бір себебі, кәсіпкерлік субъектілерінің жетекшілері кәсіподақты өз жұмыстарына кедергі келтіретін, қолбайлау болатын қажетсіз ұйым ретінде санайды. Бірақ кәсіподақ өкілдері осындай негізсіз уәждерге қарамастан, бұл сала өкілдерімен өз еңбек құқықтарын заң аясында қорғау мүмкіндігіне жол ашатын кәсіподақ құру қажеттілігін түсіндіріп келеді. Кәсіподақ ынтымағын нығайту бағытында 2021 жылдан бері бастау алған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы былтыр да жалғасын тапты. Тәжірибе көрсеткендей, бастауыш кәсіподақ мүшелерімен кері байланыс орнату – ондағы әлеуметтік, еңбек құқықтары проблемаларын анықтап, оларды шешу үшін, оның ішінде заңнамалық актілерге практикалық ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.

Өткен жылы онлайн режимде федерацияның басшылығы, салалық кәсіподақтардың және аумақтық бірлестіктердің жетекшілерінің қатысуымен еліміз бойынша 800-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесу өткізді. Біздің өңірде өткен жылы аталған акция аясында 23 кездесу ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелерінің көтерген әлеуметтік сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді. Одан басқа да жергілікті және Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс бірқатар сұрақтар кәсіподақ тарапынан бақылауға алынып, жоғары тұрған кәсіподақ ұйымына жолданды.

Атап айтсақ, бұл кездесулерде қарапайым жұмысшылардың ең көп көтеретін мәселелерінің бірі – айлық жалақыны өсіру, өмір сүру сапасын жақсарту, ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшылар үшін қоғамдық көліктердің кемдігі сынды проблемалар болды. Осы тұрғыда қаржылық мүмкіндіктеріне қарай, шама-шарқы келгенше қызметкерлерінің жалақысын біршама көтеріп отырған кәсіпорындар да жоқ емес. Облыста өткен жылы барлығы 12 234 кәсіпорын болса, соның 1 503-і өз қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25,1 пайызға арттырды. Бұл 37 884 жұмыскердің өмір сапасының артуына ықпал етті. Бір ғана мысал, өңірдегі ең ірі өндірістік кәсіпорын саналатын «Қазфосфат» ЖШС өткен жылы ешкімді алаламай, барлық кәсіп иелеріне екі рет, 1 қаңтарда 50 000 теңгеге және 1 маусымда 30 000 теңгеге жалақыларын өсірді. 

Еліміздің кәсіподақ ұйымдары жыл сайын атқарған жұмыстарын зерделеп қорытындылайды және алдағы шаруалардың бағыт-бағдарын пысықтап отырады. Биылғы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен бас кеңестің отырысы өтті. Онда осы жылы кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдарының «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында атқарған жұмысының қорытындылары талқыланды. Алдағы кезеңге арналған кәсіподақтардың алдында тұрған негізгі міндеттердің қатарында Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық Еңбек Ұйымымен бірлесіп, лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын қабылдау қажеттілігін атап өтті.

Бұдан басқа, биыл 2024-2026 жылдарға арналған жаңа бас келісімге қол қойылғаннан кейін оның негізінде салалық, өңірлік келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасуды қамтамасыз ету қажеттілігі, кәсіподақтардың өз тарапынан 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбектің жаңа тұжырымдамасын іске асыру қажеттігінің және «Халықтық бақылау», «Vizion Zero», «Aspans» сынды қауіпсіздіктің заманауи бағдарламаларын енгізу жұмыстарының жалғасуы да алға тартылды.

Сонымен қатар, әлеуметтік-еңбек даулары саласында жұмыс берушілер және жұмыскерлермен бірлескен оқытуды ұйымдастыру, «Еңбек консультациялары», «Жалпыға бірдей құқықтық білім беру» акцияларын жалғастыру, кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау, азаматтарға кеңес беру, жеке еңбек дауларын сотқа дейін шешу, кәсіподақтар мен жұмыскерлер арасындағы байланысты нығайту шараларын күшейту, сондай-ақ әйелдердің лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету, жұмыс орнындағы кемсітушіліктің барлық нысандарын жою бойынша гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру, жастарды кәсіподақтың жұмысына тарта отырып, жастар саясаты бағдарламасын іске асыру жұмыстарын жандандыру бас кеңестің қаулысымен бекітілді.

Бас кеңес отырысының шешімімен әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, елімізде лайықты еңбек стандарттарын белсенді түрде ілгерілету, еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтарды іске асыру мақсатында елдегі әлеуметтік әріптестікті нығайту, лайықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды жақсарту сияқты негізгі бағыттарға баса назар аудара отырып осы жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялады.