Жаңалықтар

Кәсіптен нәсіп тапқан

Отандық өнімнің сапасын арттырып, бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын көтеру – қай кәсіпкердің болмасын міндеті. Мемлекет құйған инвестиция пайдалы істерге жұмсалып, халық игілігі үшін жүзеге асуы қажет.

ІСМЕР ӘЛИЯ

«Отан – отбасынан басталатынын» ескерсек, отбасының жылуын сақтап, шуақ таратып отыратын аналардың қалауы мен жағдайы мемлекет үшін әрқашан маңызды болуға тиісті. Қордай ауданындағы Жамбыл ауылының тұрғыны, 6 баланың анасы Әлия Ревшенова жұбайы Пархад Шалғынбаев екеуі төрт ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіруде.Әлия Байдуллақызы қиындықтан қамықпай, сүрінбей өтіп келе жатқан адам. Өйткені 6 баласының екеуі ауруға шалдыққан. Өзі де денсаулығының күрт нашарлауына байланысты жұмыстан шығып қалған. Соған қарамастан, он саусағынан өнер тамған шебер әйел құрақ көрпе тігуді табыс көзіне айналдырып, ісінен пайда көріп отыр.

– 17 жасымда келін болып түстім. Анам да, әжем де тігін өнерінен алыс болатын. Бәрін үйреткен енем. Басында тек қасында жүріп, әр саусағының қимылын бақылап отыратынмын. Бірте-бірте көмектесе бастадым. Солай үйреніп кеттім.Дариға қызым тұрмысқа шықпай тұрғанында көп көмектесетін. Қазір жалғыз өзім істеймін. Перизат есімді екінші қызым әлі кішкентай.Қолыма ине-жіп алсам, басымдағы ауруды да, барлық қиындықты да ұмытып кетемін. Жұмысқа беріліп кететінім соншалық, уақыттың қалай өткенін де білмей қаламын, – дейді шебер.

 

Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Ал қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе. Құрақ құрау, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден –ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі.Кейіпкеріміз қазіргі таңда ауыл тұрғындарынан қыз жасауына тапсырыс қабылдап, көптің алғысын алуда.Жалпы құрақ құрау оңай жұмыс емес. Бұл жұмысқа шыдамдылық пен адамның ептілігі қажет. Әр матаның қиындысын бір-біріне келтірудің өзі бір өнер.Отбасына келетін болсақ, үлкен ұлы үйленіп, Пархад пен Әлия немере сүйіп отыр.

Ал 20 жасар қызы Дариға тұрмысқа шығып, бір шаңырақтың ибалы келіні атанған. 17 жасар ұлы Бекарыс туғаннан бері ауруға шалдықса да анасы бар жан-тәнін бала бақытына арнап, мұңын білдіртпеуге тырысады. Жұбайы Пархад Жұмабайұлы да отбасына қолдау көрсетіп, елдің үйіне еурожөндеу жүргізуді кәсіп еткен. 

– Қазіргі арманым – өз цехымды ашу. Егер «Бизнес бастау» жобасы бойынша көмек алсам, өте қажетті құрал-жабдықтарды сатып алатын едім, – дейді Әлия.

Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңарып, жетіліп, жалғаса түсетіні анық. Өнегелі отбасының ұйытқысы, «Күміс алқа» иегері Әлия Ревшенова өз ісінің шебері, әрі көпке үлгі бола алатын жан. Қиыншылықтарға, ауруға қарамастан, сүрінбей, құламай, өмірдің барлық сынақтарына төзіп келе жатқан кейіпкерімізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.