Кибершабуыл кесірінен мұнай құбыры істен шықты

0

АҚШ-та кибер шабуыл кесірінен елдегі ең үлкен мұнай құбырының бірі – Colonial Pipeline істен шықты. Аталған компания шығыс жағалаудың 45 пайызын жанармаймен қамтамасыз етеді.

Colonial Pipeline-нің жалпы ұзындығы 9000 шақырымға жуық, АҚШ-тың 14 штатын басып өтеді. Құбыр негізінен көлік жанармайын, дизель жеткізумен айналысады. Елдегі 7 әуежайға күніне 400 миллион литр жанармай жеткізеді. Осындай алпауыт корпорацияның жұмысына кедергі келтірген – қарапайым компьютерлік вирус.

«Қазіргі таңда басты мақсатымыз – қызметімізді қауіпсіз түрде қайта қалпына келтіріп, жеткізу жұмыстарын жолға қою. Бұл жұмысқа кірісіп кеттік», делінген компанияның таратқан мәлімдемесінде.

Вирустың қайдан келгенін анықтау үшін Colonial Pipeline арнайы мамандар шақырып, мән-жайды нақтылау үшін заң органдарына арыз берген. Шабуылдың нақты себебі мен оны кімнің жасағаны белгісіз.

 

Sinopharm вакцинасы мақұлданды

Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы Қытай билігіне тиесілі Sinopharm компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасын шұғыл түрде қолдануға рұқсат етті.

Ол – Қытайда жасалған коронавирусқа қарсы екі екпенің біреуі. Қазіргі таңда бұл вакцина әлемдегі миллиондаған адамға салынды.

Сондай-ақ ДДҰ кез келген жұқпалы ауруға қарсы қытай вакцинасын  пайдалануға рұқсат берді. Осы аптаның басында ДДҰ-ның жекелеген сарапшылары Sinopharm компаниясының жанама әсерлер туралы берген мәліметтерінің сапасына алаңдаушылық білдірген-ді. ДДҰ-ның төтенше жағдайға байланысты вакцинаны қолдануға рұқсат етуі өнімнің қауіпсіздігі мен тиімділігін аңғартады. Сондай-ақ аталған екпені кедей елдерді вакцинамен қамтамасыз ететін ғаламдық бағдарламаға енгізуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін ДДҰ бірқатар компанияның өнімін қолдануға рұқсат еткен еді. Атап айтқанда, Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson & Johnson вакциналарын, өткен аптада Moderna жасаған екпені қолдануды мақұлдады.

 

Ауғанстандағы апатты апта

Ауғанстан астанасы Кабулда мектеп маңында жарылыс болып, 58 адам қаза тапты. 150-ге жуық тұрғын жарақаттанды.

Сенбі күні кешке жарылған бомба қаланың Дешті-Барчи маңын дүр сілкіндірді. Аталған аймақ бұған дейін де ДАИШ содырларының нысанына іліккен еді. Ешқандай топ сенбідегі жарылыс үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани шабуылды айыптаған мәлімдеме жасады. Сондай-ақ ол Талибанды да айыптады. «Талибан өздерінің заңсыз соғысы мен зорлық-зомбылықтарын күшейте отырып, қазіргі дағдарысты бейбіт және түбегейлі шешуден бас тартқандарын жағдайды күрделендіру арқылы тағы да көрсетті», деді Гани. Ал Талибан бейбіт тұрғындарға бағытталған шабуылды айыптайтынын мәлімдеп, оған қатысы жоқ екенін хабарлады.

Еуропалық Одақтың Ауғанстандағы миссиясы оқиғаны «қорқынышты шабуыл» деп мәлімдеді. «Бұл – жеккөрінішті террористік акт. Қыздар оқитын мектепке жасалған шабуыл – Ауғанстанның келешегіне балта шабу, елін дамытатын балаларды өлтіру», деді миссия Twitter-дегі парақшасында.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.