Жаңалықтар

«Әкімдіктер талапкерлерге 2,5 мыңға жуық грант бөлді»: Оған қалай ие болуға болады

Жамбыл облысының әкімдігі 100-ге жуық грант бөлген

2024-2025 оқу жылына жергілікті атқарушы органдардан конкурстық негізде мемлекеттік білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталды. Әкімдіктер жыл сайын басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөледі. Jambylinfo.kz. тілшісі бұл жергілікті әкімдіктердің оқу грантына  ие болу үшін конкурсқа қатысудың жолын түсіндіреді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл жергілікті атқарушы органдар 2475 білім беру гранттарын бөлген.

Талапкерлерге әкімдіктердің грантына қатысу үшін қайда өтініш береді?

Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет. Сондай-ақ ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі қашан аяқталады?

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.

Әкімдіктер арасындағы қай облыс көп грант бөліп отыр?

Бұл  тізімде Астана қаласының әкімдігі көш бастап тұр.  Атап өтетін болсақ, 858 грантты елорда әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш.

Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы – 270 грант, Абай облысы – 200 грант, Маңғыстау облысы – 175 грант, Ақмола облысы – 160 грант және Жетісу мен Қызылорда облысы – 100 грант, қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген.