Жаңалықтар

Үкімет басшысы паралимпиадашыларға Мемлекеттік туды табыс етті

Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады

Премьер-Министр Олжас Бектенов XVII жазғы Паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Үкімет басшысы салтанатты шарада спортшыларға сәттілік тілеп, төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің маңыздылығына тоқталды. 

Мемлекеттік туды ұлттық паралимпиада құрамасының мүшелері – Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетов (отырып ойнайтын волейбол) пен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиева (пара оқ ату) ұстап жүреді.

2024 жылғы жазғы Паралимпиада ойындарына 44 қазақстандық спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен, атап айтқанда, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара тхэквондо, отырып ойнайтын волейбол, пара оқ ату, пара үстел теннисі және пара дзюдодан 33 лицензия алды. 

Парижде өтетін параолимпиялық ойындар
28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. 

Еске салайық, Қазақстандықтар 1996 жылдан бүгінге дейін жазғы Паралимпиада ойындарында 7 медаль жеңіп алды. Соның бірі - жүзу спортынан жамбылдық Зульфия Габдуллина.