Үкіметте экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін терең дамыту мәселелері талқыланды
Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандырудың одан арғы тәсілдері қаралды.
Күн тәртібінде өнімділікті арттыру, өндірісті технологиялық жаңғырту және жоғары қосылған құны бар өнім шығару мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Премьер-министр Мемлекет басшысының өнімділікті арттыру және технологиялық жаңару арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын атап өтті. Оның айтуынша, бұл саясат халық табысын арттыруға және елдің экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған. Бүгінде ЖІӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі кен өндіру секторынан асып түскен. Биыл саладағы өндіріс көлемі 4,4%-ға өсті.
Үкімет алдында осы қарқынды сақтап қана қоймай, күшейту міндеті тұр. Жаңа өндірістік кластерлер құру арқылы терең өңдеуге көшу, шикізаттық емес секторды дамыту және экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Жауапты министрліктерге жоғары деңгейде өңделген, технологиялық өнімдер өндірісін жолға қою тапсырылды. Әсіресе жинақтаушы бөлшектер шығару, өндірісті автоматтандыру, локализацияны арттыру және еңбек өнімділігін көтеру мәселесіне басымдық берілмек.
Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне бір ай ішінде қайта өңдеу саласында қосылған құны жоғары, экспорттық әлеуеті бар жаңа жобалардың нақты тізбесін ұсыну тапсырылды. Әр жоба экономикаға мультипликативтік әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуы тиіс.
Мұнай-газ химиясы саласын дамытуға ерекше назар аударылды. Полимер шикізатын ішкі нарыққа ашық әрі тұрақты жеткізу тетіктері қалыптастырылып, оны отандық компаниялардың терең өңдеуіне жағдай жасалмақ.
Құрылыс саласында да отандық материалдардың үлесін арттыру міндеті қойылды. Әсіресе жеке инвестициялар есебінен салынатын ірі нысандарда қазақстандық өнімдерді қолдану тұрақты бақылауда болады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортында шикізат үлесі әлі де басым. Осыған байланысты терең өңделген өнім шығаруды кеңейту, қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ айналым қаражатын несиелеу мерзімін екі жылға дейін ұзарту мәселесі қаралады.
Жалпы қабылданған шаралар шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, экономиканың ұзақмерзімді және тұрақты дамуына негіз болмақ.