Көктемгі абаттандыру жұмыстарын жандандыру тапсырылды

0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көктемгі абаттандыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Аймақ басшысы қысқа уақытта облыс бойынша 140 мың түп тал көшеті отырғызылғанын тілге тиек етіп, оларды күтіп-баптау шараларымен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу және ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы барынша белсенді айналысуы керектігін баса айтты.

Сондай-ақ өңір басшысы облыс орталығының айналасын жасыл желекке айналдыру бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді жүктеді.

«Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары қазірден шаһардағы талдарды бұтап, қурағандарын уақыт оздырмай кесіп тастауы тиіс. Сенбіліктер аясында егілген мыңдаған көшеттер сусыз қалмауы керек. Сондай-ақ бұл шаралар аудандар да жүзеге асырылып, әкімдер сенбіліктердің ұйымдастырылуына назарға алуы міндетті. Рас, індетке байланысты жарияланған карантиннен соң тұрғындардың таза ауада жүріп-тұрғысы келеді. Бұл орайда, саябақ-скверлерді де реттеу маңызды. Осыған байланысты әр мекемеге саябақ-скверлер бөлініп берілді. Енді олар өздеріне тиесілі орындардың тазалығын ретке келтіріп, көгалдандыруды қолға алуы шарт», – деді Б.Сапарбаев.

Кәсіпкерлер мен шаруалар да Тараз қаласын көркейтуге атсалысуы тиіс. Сонымен қатар бұл бастамадан «Nur Otan» партиясы да, депуттар да шет қалмауы керек.

«Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін қала иесіз қалғандай сезілді. Енді негізгі жұмыстардың барлығы шаһардың көркеюіне бағытталатын болады. Рас, қаланың түнгі жарықтандырылуы мен жарнамалардың сапасы сын көтермейді. Мұның барлығы ретке келтіріліп, жылдам шешілуі тиіс. Сонымен қатар облыс орталығында құрылысы аяқталмаған «сақалды» құрылыстар да жетерлік. Бұл да кезек күттірмейтін негізгі шаралардың бірі. Бұдан өзге тұрғын үйлердің қасбеттері боялып, оларға жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек. Суару жүйелерін де ретке келтіру қажет», – деді облыс әкімі.

Жиында бұдан өзге көктемгі дала жұмыстары да қаузалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тұқымның сапасы мен тыңайтқыштардың уақытында жеткізілуін қамтамасыз етуге міндеттелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.