Kundelik туралы күдік көп
Білім саласындағы цифрлы жүйе қандай?
Цифрлы дәуір – ақыл-ой дәуірі. Білім мен ғылым ғасыры. Елімізде білім саласын цифрлы жүйеге көшіруге қатысты реформа жүргізіліп жатқанына біраз жыл болды, деп жазады Jambylinfo.kz. Аikyn.kz- ке сілтеме жасап.
Kundelik.kz бағдарламасы 2016 жылы қолға алынып, 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.
«11 жылда өзін-өзі ақтап шығады» деп сенім артқан жүйе бүгінге дейін өз соқпағына түсе алмады. Тіпті, kundelik еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіретіні туралы депутат Ермұрат Бапи мәселе көтерді.
Цифрлы әлемде ақпараттық қауіпсіздік пен жеке адамның деректерін қорғай білу мемлекеттің де қауіпсіздігін қорғай білу екені даусыз. Ал электронды Kundelik-тің озықтығы қандай, олқылығы не деген сұраққа әзірге ешкім де толымды жауап берген жоқ. Электронды жүйенің мақсат-міндеті – мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқару деген қарабайырлау қағида ғана. Былтыр жоба жетекшісі Мұхтар Ілиясов онлайн брифингте: «Қазір kundelik жобасында 6 200-дей мектеп жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтқанда, 332 601 мұғалім мен 2 238 563 оқушыға, 2 016 990 ата-анаға қызмет көрсетіп жатырмыз» деп мәлімдеген болатын. Дегенмен ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан kundelik-тің техникалық мүмкіндіктеріне қатысты шу толастаған емес. Электронды күнделіктің халықты әбігерге салған басты машақаты негізінен интернет желісінің ақаусыз жұмыс істеуіне байланысты екені белгілі. Яғни, кейбір алыс ауыл-аймақтар сапалы интернет желісіне толық қосылмаған.
Цифрлы білімге ортақ мемлекеттік бірыңғай жүйе керек
Жақында БАҚ бетінде «Қостанай облысының мектептері kundelik-тен бас тартты» деген ақпарат тарады. Облыстық Білім басқармасының мәлімдемесінен түсінгеніміз, жергілікті ведомство Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «барлық оқушының сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету» тапсырмасын BilimClass электронды журнал және күнделік модуліне көшу арқылы жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Облыстық Білім басқармасы мен Bilim Land ЖШС ынтымақтастық меморандум аясында BilimClass модуліне барлық білім беру ұйымының, мұғалімдер, оқушылардың және олардың ата-аналарының деректерін автоматты түрде жүктегеннен кейін құжаттар қоймада тегін сақталады. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық жалпы білім беру ұйымдарын қамтығаннан кейін отандық цифрлы портал арқылы оқушылар біліктілікті арттыру курстарынан өту кезінде мониторингі мен сертификаттауы бар PISA, TIMSS, PIRLS, МОДО халықаралық зерттеулеріне қосыла отырып, дайындық барысында функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға және бағалауға қол жеткізетін болады деп жоспарланған.
Дегенмен біз Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, «Қостанай облысы Білім басқармасының kundelik жүйесінен BilimClass-ке ауысып жатқанын Оқу-ағарту министрлігі қолдай ма, әрбір жергілікті орган білім саласындағы цифрлы жүйені өзі таңдауға құқығы бар ма?» деп сұраған едік. Құзырлы органның баспасөз қызметінің бізге берген жауабында ««Білім туралы» заңның 6-бабының 2-тармағы 10-1) тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қолдау көрсетеді. Осыған байланысты мектептер үшін бағдарламалық шешімдерді, ақпараттық жүйелерді таңдау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар «Күнделік» АЖ және басқа да нарықта бар балама шешімдерді таңдауға құқылы» деп жазылыпты.
Қазір елімізде электронды білім беру нарығы қарқынды дамып, бәсекеге қабілеттілік артып отыр. Бұл мектептердің таңдау мүмкіндігіне жол ашатыны сөзсіз. Кез келген білім беру ұйымына қай жүйемен жұмыс істеп, қандай платформаға қосылатынын өздері таңдай алуының да белгілі бір артықшылықтары бар шығар. Бірақ цифрлы білімге ортақ мемлекеттік бірыңғай жүйе керек екені даусыз.
Республикалық «ҚазБілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, Bilim онлайн, BilimClass, mektep.edu, Bilimal сияқты нарықта жүрген kundelik.kz-ке балама болатын әртүрлі платформа бар. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болуы мүмкін. Десек те, мемлекеттік деңгейде цифрлы білім бірыңғай жүйеге жинақталуы керек.
BilimClass-тың артықшылығы не?
Жұмыс істеу функциясында айырмашылық болмаса да әрбір жергілікті орган өзіне қолайлы платформаны өзі таңдай алатынын түсіндік. Алайда неге мемлекеттік деңгейде бірыңғай платформаға көшуге болмайды деген сұрағымыз басы ашық күйінде қалды. Ал BilimClass kundelik жүйесін қаншалықты алмастыра алады, оның кемшіліктерін қайталамауға қауқарлы ма? Артықшылығы қандай?» деген сұрағымызды BilimLand ЖШС-на жолдаған едік.
Оның айтуынша, BilimClass педагогтердің жұмысын жеңілдетеді. Жалпы, «Мұғалімдердің жұмысын жеңілдетеді деген шарттың (критерийдің) өлшемі қандай? Бұл да мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтады деген мақсатта жұмыс істей ме?» деп сұрадық Нәзір Азаматұлынан.
Цифрлы өркениет интеллектуалды өре өлшемі болмақ
Қостанай облысы Білім басқармасының kundelik-тен BilimClass-қа ауысуын мұғалімдер қалай қабылдап жатқанын білу үшін жергілікті білім ұйымдарының мамандарына да хабарластық. «BilimClass-қа отандық өнім болғаны үшін ғана ауысып жатқан болар, әйтпесе kundelik жүйесі қазір мүлтіксіз жұмыс істеп тұр» деген ойын айтқан ұстаз атын атағысы келмеді.
Көріп отырғанымыздай, бүгінде білім нарығын цифрландыру бағытында бәсекеге төтеп бере алатын түрлі платформа қалыптасып үлгерді. Отандық ІТ саласында білікті жастар легі өсіп келеді. Елде цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Төңіректі торлаған төртінші өнеркәсіптік төңкеріс тегеурініне төтеп беру үшін цифрлы әлеует сапалы болу керегі де түсінікті... Ал ол үшін мыңдаған шақырымға оптикалық-талшықты кабельдер жүргізіп, кеңжолақты интернетке қосылуды айтпағанда, цифрлы өркениетте интеллектуалды өреміздің өсуі, білім-ғылымға байланған экономика құру, электронды технологиялардың заманауи қуатын толық меңгере білу үлкен сынақ болғалы тұр. Сондықтан заман талабына жауап бере алатын білім нәріне қанып, ғылым жолында ғұмырын сарп ететін нағыз ғалымдар тәрбиелеу, ұлттық ғылымның абыройын көтерер нағыз Қаныштарды өсіру – ендігі міндет десек болады.
Авторы: Тілекгүл Есдәулет