Жаңалықтар

Әлеуметтік маңызы бар жобаларға Ұлттық қордан қосымша қаражат бөлінеді

Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемі 2 трлн теңгеге ұлғайып, 3,6 трлн теңгеге жеткен

Мәжіліс «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

«Трансферттер түспестен 2024 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 14,1 трлн теңге сомасында айқындалды, бұл бекітілген болжамды жоспардан 2 трлн теңгеге аз. Атап айтқанда, салық түсімдерінің 3 триллион теңгеге төмендеуі, салықтық емес түсімдердің 1 триллион теңгеге, ал негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің 3,3 миллиард теңгеге артуы болжанып отыр»,-делінген хабарламада.

Нәтижесінде Ұлттық қордан түсетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайып, 3,6 трлн теңге алу жоспарланды. 

Қаражат өңірлік өсу деңгейін ұстап тұруға және ЖІӨ өсу қарқынының төмендеу тәуекелдері жағдайында әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.