Жаңалықтар

Әлімханұлы мен Михайловичтің жекпе-жегі қашан және қайда өтетіні белгілі болды

Қазақ боксшысы қос бірдей белбеуін бәске тігіп отыр

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (15-0, 10 КО) келесі жекпе-жегі қашан және қайда өтетіні белгілі болды. Қазақ боксшысы жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен (21-0, 13 КО) жұдырықтасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.1bol.kz сайтына сілтеме жасап. 

Worldboxingnews ақпаратына сәйкес, Әлімханұлы 19 қазанда Орландо (АҚШ) қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетеді. Аталған кештің басты оқиғасы Тим Цзю мен Бахрам Муртазалиев арасындағы кездесу болмақ.

Есте болса, бокс кешін өткізу құқығын Михайлович өнер көрсететін No Limit промоутерлік компаниясы жеңіп алған болатын. Сауда кезінде Әлімханұлының Top Rank командасы мүлдем саудаласқан жоқ. Нәтижесінде 351 мың доллар ұсынған No Limit жекпе-жекті ұйымдастыру құқығына ие болды. Яғни, осы сома Әлімханұлы мен Михайловичке гонорар ретінде бөлініп беріледі.

Top Rank компаниясының Жәнібекке деген өкпесі қара қазандай. Шілде айына жоспарланған жекпе-жекте қазақ боксшысы салмағын дұрыс қуа алмай, ауруханадан бір-ақ шыққан болатын. Тиісінше, кездесу де өтпей қалды. Ал, промоутерлік компания осының салдарынан қып-қызыл шығынға батты.