Жаңалықтар

Ұлттық ұландықтар 101 жастағы соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған Рзағұл Байкешевті Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, ерекше ілтипат білдірді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ардагер тұратын үйдің алдында құрмет қарауылы сап түзеп, ұландық сарбаздар салтанатты шеру жасады. ІІМ Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетімділік оркестрі соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, қарияға әскери өнерін паш етті.

5573 әскери бөлімінің командирі Аян Есжанов ардагерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың атынан құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

1923 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген Рзағұл Байкешев 17 жасында Қарулы Күштер қатарына қосылып, Калинин облысында, Рыжов және Великий Луг қалалары маңындағы шайқастарға қатысты. Польша, Румыния, Венгрияны азат етуге атсалысып, ефрейтор шенін иеленді. Ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Маршал Г. К. Жуков» медалімен марапатталды.

Еске сала кетейік, Ұлттық ұланда Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы жалғасуда. Оның аясында патриоттық сабақтар, ардагерлермен кездесулер және елордадағы Жеңіс шеруіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.