Жаңалықтар

Ұлттық Олимпиада комитеті Бақтияр Артаевты құттықтамады

Комитет бұрын басқа жеңімпаздарды құттықтап отыратын

Қазақтың даңқты боксшысы Бақтияр Артаевтың Олимпиада чемпионы болғанына 20 жыл толды. 2004 жылдың 29 тамызында Афиныда (Грекия) өткен жазғы Олимпиада ойындарында жерлесіміз топ жарған болатын. Осынау мерейлі даталарда Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті чемпиондарды ресми құттықтайтын, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

Мәселен, 2020 жылы Сидней Олимпиадасында жеңімпаз болған спортшылар туралы мақалалар мен сұхбаттар сериясы шыққаны есте. Алайда, бұл жолы Афиныдың жалғыз чемпионы елеусіз қалды.

Айта кету керек, Грекия астанасында да Қазақстан құрамасы биылғыдай жалғыз алтын медаль еншілеген болатын. Оны 69 келіде жұдырықтасқан Бақтияр Артаев жеңіп алды. ҰОК-тың қазіргі президенті Геннадий Головкин болса финалда ресейлік Гайдарбек Гайдарбековтен жеңіліп, күміс медальді місе тұтты.


ҰОК осынау датаны ұмытып кетті ме, әлде Париждегі сәтсіздіктерден кейін құлқы болған жоқ па – ол жағы белгісіз.

Осы ретте айта кету керек, дәл осы Париж Олимпиадасының алдында Бақтияр Артаев ютуб-каналдардың біріне сұхбат беріп, Геннадий Головкиннің жалақысы туралы айтқан болатын. Мұнан кейін ҰОК тарапынан наразылық туындап, Артаевтың жала жапқаны туралы арнайы мәлімдеме жасалды.

Артаевтың Афиныдағы алтыны туралы тек бокс федерациясы ғана арада бір күн өткенде: «Осыдан 20 жыл бұрын Бақтияр Артаев Афины Олимпиадасында алтын медаль иеленген» деп қысқаша жазды.

Айта кетейік, ежелгі Эллада елінде 21 жастағы Артаев атой салып, Вэл Баркер кубогын да еншілеген еді. Ол жартылай финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы ресейлік Олег Саитовты, финалда екі дүркін әлем чемпионы кубалық Лоренцо Арагонды жеңген болатын.