"Ұлыммен тастап кетті": Зағип әнші Кенжебек Нұрдолдайға тұрмысқа шықтым деген қыз жағдай қалай болғанын айтып берді
"Ұлыммен тастап кетті": Зағип әнші Кенжебек Нұрдолдайға тұрмысқа шықтым деген қыз жағдай қалай болғанын айтып берді
Жастар арасында ерекше даусымен танылған зағип әнші Кенжебек Нұрдолдайдың басы дауға қалды. Жазда шаңырақ көтеріп, отбасылы болғаны белгілі болған әнші шараны бейнебаянға арналған түсірілім деп атады. Ал әйелі Жамила әлеуметтік желіде тойдың расымен болғанын және әншіден бір баласы барын айтып, ел естімеген деректермен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Massaget.kz ақпарат порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Туғанынан көзі көрмейтін әнші ТМД елдерін бағындырды.Танымал ресейлік тележүргізуші Андрей Малаховтың "Песни от всей души" бағдарламасына қатысып, қалың көпшілікке танылды. Жары Жамила да өнерден алыс емес. Айтуынша екі жасты өнердегі достары таныстырған. “Біздің махаббат хикаямыз былтыр күздің қыркүйек айында басталған. Ортақ музыкант достарымыз арқылы таныстық. Басында дос болып араластық, кейін бір-бірімізге сезіміміз оянып, ғашық болдық. Кенжебек отбасын құрғысы келді. Мен де үлкен өмірге дайын болдым. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, отбасын құрдық. Алдымен менің ата-анаммен танысып, әкемнің батасын алдық. Одан кейін Кенжебектің отбасымен таныстым”, – дейді ол. Алайда екі жас тойды бірден жасамаған. Оған Кенжебектің ата-анасы асықпаған әрі жақын туысы қайтыс болып, той кейінге шегеріле берген. “Тойды жаңа жылға дейін өткізбекші болғанбыз. Бірақ ата-анамыз қарсы болды. Кенжебектің жақын туысы қайтыс болғасын жылын өткізгеннен кейін жасаймыз деп сендірді. Әрі бір-бірін жақсы танысын, асықпасын деп ақылдарын айтты. Одан кейін Кенжебектің достары мені ақшасы мен атағына қызықты деп ойлады. Шындығында біз танысқанда оның “Шоколад” деген әні де болмады. Айтуынша, ол әнді маған арнаған еді. Табыс пен атақ, танымалдылық біз танысқаннан кейін болды. Оны шын сүйгендіктен ештеңеге қарамадым”, – деп ағынан жарылды ол. Кенжебек қаңтарда Меккеге барып, сол жақта бір қызбен танысып келген. Қазір олар бірге тұрып жатыр әрі мұсылмандық неке қиып та үлгерген. Ал Жамила ұлын босанып, жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. “Ұлым Сабырдың туғанына 14 күн болғанда Кенжебектің басқа қызбен мұсылмандық неке қиғанын біліп қойдым. Ұлым екеумізді үйден қуып шығып, сол қызға кетіп қалды. Кейін Кенжебектің анасы немересін көруге келді. Ол да мұсылмандық неке қиғанын айтып кетті. Кенжебек маған қол көтерсе де, отбасымызды сақтап қалуға тырысып едім. Қатты күйзеліске түсіп, мерзімінен бұрын босандым. Өте көп қан жоғалттым. Бірақ аман-есен ұлымды дүниеге әкелдім. Өз тегіме жаздырдым. “Балаға көмектесе алмаймын, ақшам жоқ” деді. Бірақ сол күні көлік алып жатқанын естідім, – дейді Жамила. Жалғызбасты ана мұндай ақпаратпен бөлісу өзіне де оңай емес екенін айтады. Ол Кенжебектің өмірде болған шын оқиғаның бәрін жоққа шығарып, бейнебаян деп сұхбат бергеніне ашулы. “Алматыдағы концертінен кейін мұсылмандық неке қиған отбасы барын, Меккеде танысқанын айтып сұхбат берді. Біздің тойымызды бейнебаянның түсірілімі деп айтқан. Бірақ мұның бәрі шындыққа жанаспайды. Өзіне хабарласып, “халыққа бірге емес екенімізді айтайық, балалы болғанымызды да жасырмайық, сенің басқа қызға кетіп қалғаның туралы өсекке нүкте қояйық, бір шешімге келейік” деп айтқанымда, “өзара шешілген” деп ат-тонын ала қашты. Мен соңына дейін баламды жалғыз өсіргім келмей, отбасымды сақтауға тырыстым. Ешкімге сыр ашпадым. Алайда сол сұхбатты көргеннен кейін менің де көңілім суыды. Соңғы рет неге өтірік айттың деп жазғанымда, жауап бермей, бүкіл жерден бұғаттап тастады”, – деп ренжіді Жамила. Еске салайық, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Instagram әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде зағип әнші Кенжебек Нұрдолдаймен тілдесіп, оған үш бөлмелі пәтер сыйлаған болатын. Одан кейін әншінің көзіне Ыстамбұлда ота жасауға көмектесетінін де айтқан еді.