Мәжілісте банк қызметін лицензиялаудың жаңа жүйесі таныстырылды
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді
Қазақстанда екінші деңгейлі банктерге арналған лицензиялаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Енді банктер базалық және әмбебап лицензиялар негізінде жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен отырыста «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстыру кезінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдарға арналған Жолдауларында берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында әзірленген.
Ұсынылып отырған заң жобасында халықаралық тәжірибе негізінде банктерге арналған лицензияның екі түрін енгізу көзделіп отыр – базалық және әмбебап. Бұл екі лицензияның айырмашылығы – олардың рұқсат етілетін операцияларының ауқымы мен оларға қойылатын реттеушілік талаптарда.
Сонымен қатар, Қаржы реттеушісінің басшысы базалық лицензиясы бар банктерге бейрезиденттер мен үлестес тұлғаларға несие беруге тыйым салынатынын атап өтті. Бұл норма шағын банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасына сәйкес, пруденциялық нормативтер мен қадағалау талаптарының бірқатар көрсеткіштері бойынша жеңілдетілген талаптар ұсынылады.
Агенттік басшысы атап өткендей, банктер туралы жаңа заң жобасы экономиканы несиелеу аясын кеңейту, қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа қатысушыларды нарыққа тарту, қаржылық технологияларды дамыту және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру сынды заманауи талаптарды ескеруі қажет.