Мәжілісте Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесі көтерілді

0

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Файзолла Қаменов Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдің атына су қауіпсіздігіне қатысты сауал жолдады

«Қазақстанның су қауіпсіздігі мемлекеттік деңгейдегі үлкен мәселе. Ресеймен арадағы трансшекаралық өзендерден бөлек, Қытай және Қырғызстанмен арадағы су мәселесі тағы бар. Бұл тарапта да су дауы ауық-ауық көтеріліп тұрады. Ресей Федерациясы Орынбор қаласын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Жайық су бөгетін салуды жоспарлап отыр. Бөгет құрылысына 300 миллион рубль жұмсау көзделген. Еуропаның ұзындығы жағынан үшінші өзені болып саналатын Жайықтың суы жыл өткен сайын азайып барады. 2010 жылдан бері өзен 2,5 метрге төмендеген. Қазірдің өзінде Жайықтың бойында 12 су бөгеті бар. Қазір жұмыс істеп тұрған 12 бөгеттің әрқайсысының көлемі 10 млн шаршы метрді құрайды. Бұл алдағы уақытта экологиялық қиындықтармен қоса, Қазақстанның су қауіпсіздігіне де үлкен соққы болуы мүмкін», — деді депутат.

Осы орайда ол биыл Ресейден су сатып алуға қатысты мәлімдеме жасалғанын айтты. Онда Батыс Қазақстан облысына Ресейден 131 млн текше метр су сатып алуға байланысты 3,5 млрд теңге қаржы бөлу мәселесі 2021 жылға арналған бюджеттің мүмкіндігіне қарай қарастырылатыны айтылған. «2019 жылы Қырғызстан Парламенті Қырғыз Республикасының Су Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесін талқылаған. Қырғыз елінің сол кездегі Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрінің орынбасары Жаныбек Керімәлиев «Су туралы заңға өзгертулер енгізілсе, Қырғызстан көрші елдерден су үшін қаржы талап ете алады» деп мәлімдеген. Бұған дейін дәл осы мәселені 2000 жылдары Қырғыз Парламентінің депутаттары көтерген болатын. 2019 жылғы статистика бойынша, Қазақстан Қырғызстанға су алғаны үшін жылына 119 миллион теңге төлеп келген. Бірақ бұл қаржы суға емес, Қырғызстан аумағындағы су қоймаларын жөндеуден өткізуге берілген. Қытаймен арадағы су мәселесі Ресей және Қырғызстанмен салыстырғанда әлдеқайда күрделі», — деді Файзолла Қаменов.

«Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесі қалай шешілуде? Қазақстан үшін су қауіпсіздігі, судың тапшылығы алдағы 10-20 жылда алдыңғы қатарға шығатыны анық. Оны шешу үшін қандай да бір әрекеттер жасалып жатыр ма, жоқ әлде болашақтың еншісіне қалдырды ма, ол жағы белгісіз. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сізден осы депутаттық сауалды қарап, Үкіметтің осы проблемаларға қатысты ұстанымын көрсетсеңіз», — деді депутат Премьер-Министрдің орынбасары Р. Склярдің атына жолдаған сауалында.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.