Медициналық пойыз Батыс Қазақстанда 7 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы Алғабас станциясына келді.
Бұл өңірдегі пойыз маршрутының соңғы нүктесі болып отыр.
Медициналық пойыз Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Шыңғырлау, Тасқала және Теректі аудандарының 7 теміржол станциясында болып, 7,5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетті.
Алғабас станциясында жұмыстың басталуы ауыл тұрғындары, жергілікті билік және жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуден басталды. Пойыздың аға дәрігері А.Ж. Саханова мен медиатор Ш. Шалғазина ауыл тұрғындарына мобильді кешеннің жұмысы мен көрсетілетін медициналық және өзге де қызметтер туралы түсіндірді.
Бүгін медициналық пойыз Алғабас станциясының тұрғындарына қызмет көрсетіп, жұмысын Ақтөбе облысы бойынша жалғастырады.
Жылжымалы медициналық кешен 20 мың шақырымнан астам жол жүріп, 123 шалғайдағы ауыл мен станция тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Бригаданың құрамында 36 дәрігер, медиатор және заңгер бар. Дәрігерлер қатарында терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және урологтар бар.
Медициналық пойыз алғашқы тексеру қызметтерін ұсынып, қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасайды.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жобасы «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің серіктестігі аясында жыл сайын жүзеге асырылады.