Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады
Бұл туралы Ақорда хабарлады
Аймақ басшысы Президентке өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ербол Қарашөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс экономикасы қарқынды өсіп келетінін айтты.
Ербол Қарашөкеев жыл соңына дейін 19 жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отырғанын, облыс экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіп секторының үлесі 64,5 пайызға жеткенін тілге тиек етіп, бұл ретте шетелдік ірі компаниялармен келісім аясында жүзеге асып жатқан фосфор өнеркәсібінің рөліне айрықша тоқталған. Сондай-ақ, аймақ басшысы бүгінде жамбылдық шаруалар егін жинау науқанына кірісіп кеткенін айтып, болжам бойынша биыл негізгі дақылдардың жалпы түсімі 2,1 миллион тоннаға жететінін атап өткен.
Ербол Қарашөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде баяндаған.
Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың соңына дейін 37 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілетінін, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақтар мен гүлзарлар, арналар мен арықтар тазартылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылғанын айтқан.
Президент облыс әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.