Мереке қарсаңында жаңа нысандар ашылды

0 75

«АСАР» ОҢАЛТУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Бүгін халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында шаһардағы Балуан Шолақ көшесі, «Мамыр» саябағында «Асар» оңалту-сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, жаңа нысанның мүмкіндігімен танысты. 200 шаршы метрді құрайтын орталық толықтай жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда күніне 40 мүмкіндігі шектеулі жан 8 бағытта әлеуметтік қызмет алады.

Аймақ басшысы нысан маңына жақын арада иппотерапия алаңы салынатын жеткізді. Осылайша, өңірде атпен емдеу әдісі де жолға қойылмақ.

«Мереке алдында мүмкіндігі шектеулі жерлестерімізге оңалту орталығын ашып отырмыз. Былтыр берген уәдемізді орындап, Зербұлақтағы нысанды «Мамыр» саябағына көшірдік. Бұл бірінші кезеңі, ары қарай жұмысты қарқынды түрде жалғастыратын боламыз. Біз осындай оңалту орталықтарын неғұрлым көбейтсек, ең бірінші өзіміздің азаматтық парызымызды орындаған боламыз. Осындай игі істің басы-қасында жүрген азаматтарымызға зор алғысымды білдіремін», — деді облыс әкімі.

Ал орталық директоры Руслан Төлегенов сауапты іс жолында атқарылған тындырымды тірліктерді жіпке тізіп, облыс басшылығына өз ризашылығын білдірді.

ТАЛ ЕГУ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Сондай-ақ, бүгін «Таза табиғат» акциясы аясында Төле би даңғылының аяғында аумағы 10 гектар жерге 12000 түп ағаш отырғызылды. Әз Наурыз қарсаңындағы игі шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты. Өңір басшысы бүгін Жамбылда кемінде 140 мың ағаш отырғызылатынын атап өтті. Ал аталмыш акция аясында облыста жалпы саны 270 мың тал егу жоспарланған.

90 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Мерекелік тартулар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бүгінгі күннің ең үлкен қуаныштарының бірі – 90 отбасының қоныс тойын тойлауы. Тиісінше, Таразда жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған түрлі санаттағы жандарға 15 шағын ауданнан баспана алу бақыты бұйырды. Қуанышқа ортақтасқан аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, пәтер кілттерін өзі табыс етті.

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА «ТУ — ТҰҒЫР» ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

Облыс әкімінің мереке қарсаңындағы жұмыс сапары Жамбыл ауданында жалғасты.
Бердібек Сапарбаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынған қос нысанды көрді. Олардың бірі — бұрынғы Бесжылдық ауылының шыға берісіндегі саябақ. Биіктігі 23 метрге жеткен еліміздің көк байрағы желбіреген саябаққа республикалық бюджеттен 39 млн теңге жұмсалған. Ту тұғыры жерлесіміз, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбековтың құрметіне орнатылды. Тағы бір ерекше жаңалық, енді бұл ауыл Шәкен Ниязбековтың есімімен аталады. Бердібек Машбекұлы байрақтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту екенін жеткізді.

«Құрметті жерлестер, рәміздердің алдында әрбір азамат басын иеді. Біз көк байрақтың авторы жерлесіміз Шәкен Ниязбеков ағамыз екенін мақтанышпен айтамыз», — деді аймақ басшысы өз сөзінде.

100 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Сондай-ақ дәл осы күні Жамбыл ауылында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Жамбыл атындағы орта мектеп пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынған 100 орындық білім ордасының құрылысына қазынадан 79 млн теңге жұмсалған. Мектеп 18 оқу сыныптары, шеберхана, спорт зал, ашық спорт алаңшасы, асхана, бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

Жергілікті тұрғындар мұның алдындағы мектептің әбден тозығы жеткенін, көптен күткен тілектерінің орындалғанына қуанышты екендерін жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі білім саласына көп көңіл бөлініп жатқанын айрықша атап өтті.

«Былтыр білім саласы бойынша 21 нысанның құрылысын бастадық. Соның 13 пайдалануға берілді. Ендігі кезекте бұл бастамалар қарқынды түрде өз жалғасын таба бермек. Ортақ міндет – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, аймақ экономикасын көтеру жолында жұмыла жұмыс істеу», — деді Бердібек Машбекұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.