Жаңалықтар

Меркі ауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды

Жаңа нысан 60 адамға шақталған

Халықаралық қарттар күніне орай Меркі ауданының орталығында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Орталықтың мақсаты – зейнеткерлердің бос уақытын жүйелі ұйымдастыру, өмір сүру сапасын жақсарту, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау.

Жаңа нысан 60 адамға шақталған. Мұнда әлеуметтік сауықтыру, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек, тұрмыстық бағыттар бойынша 24 түрлі қызмет көрсетіледі.

Айта кетейік, өткен жылдың қараша айында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы Тараз қаласында ашылып, зейнеткерлердің игілігіне берілген болатын.

Әлеуметтік нысан аудандар арасында алғаш рет Меркіде бой көтеріп отыр.

Орталық қызметін жетілдіру үшін меркілік мамандарға Таразда арнайы оқыту семинары ұйымдастырылды.

Жалпы Жамбыл облысында 131 мыңға жуық қарт бар, оның ішінде 15 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 2 мыңнан аса тыл еңбеккері бар.