Жаңалықтар

Меркіліктердің тәжірибесі еліміздің барлық өңіріне үлгі болмақ

Жамбылда пилоттық режимде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр

Жамбыл облысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын мерзімінде іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітіледі. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аудан, басқарма мен департамент басшыларының басын қосып, кеңес өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Облыс әкімі Жолдау ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап бергенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Жамбыл жерінде пилоттық режимде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасына тоқталып, халықтың табысын арттыру тетігіне жаңа тәсіл, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру маңызды.

Меркі ауданындағы азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталықтың тәжірибесі еліміздің барлық өңіріне таратылады.

Кеңес барысында Ербол Қарашөкеев әкімдерге аталған бастаманы өңірдің өзге аудандарында да іске асыруды тапсырды.

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу мәселелері жөніндегі жаңа Заңды ескере отырып, білім басқармасына, аудан әкімдіктері мен полиция департаментіне балаларды қорғау жөніндегі шараларды күшейту міндеті қойылды.

Сондай-ақ, биылғы жылдың 6 қазанында өтетін АЭС құрылысы мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумға дайындық бойынша міндеттер жүктелді.

Өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. 823 мыңнан астам жамбылдық науқанға белсенді қатысып, 60 мыңға жуық көшет отырғызды. Санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде.

– Стратегиялық құжатта қамтылған 9 бағыт еліміздің бүгіні мен келешегі үшін өте маңызды, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Президент Жолдауында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнеске қажетті жағдайды жақсарту, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, заң мен тәртіп идеологиясын нығайту бойынша нақты міндеттерді белгілеп берді.

– Жүктелген ауқымды тапсырмалар экономикалық өсімге және жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Президент бастамаларының мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша «Ауыл ел-аманаты» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында «Әділетті мемлекет, бір тұтас ұлт, берекелі қоғам» ауыл халқының тұрмыс деңгейін әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, жақсартуды тапсырған болатын.

Жобаның басты мақсаты:

Ауылдың, ауданның өмір сүру деңгейін және экономикасын көтеру;

Халықты тұрақты жұмыспен қамту;

Ауыл әлеуетін тиімді пайдалану.

Осы жоба орындалған жағдайда күтілетін нәтиже:

Халықты тұрақты қосымша табыспен қамту;

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды жеке кәсіпкерлер (ЖК) етіп құру;

Жаңа ЖК-ден қосымша салық түсімдерін алу;

Қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін көтеру;

Жеке қосалқы шаруашылықтардағы жер телімдерін пайдаланбауы және тиімсіз пайдалану проблемасын шешу;

ӘМАТ және инфляция құнын төмендету;

АӘК алушылардың санын азайту.

Осыған орай, жобаға қатысатын аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен округ әкімдерін және жауапты мекеме басшыларын Жамбыл облысына тәжірибе алмасуға жіберу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Ауыл аманаты бағдарламасы бойынша облыс әкімінің 13 қазан 2022 жылы № 327 қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес, жобаға Еңбекшіқазақ (Қаратұрық, Шелек, Масақ, Сөгеті ауылдық округтері), Райымбек (Жамбыл, Текес, Қақпақ, Тегістік ауылдық округтері), Балқаш (Береке, Қарой, Жиделі, Бақбақты ауылдық округтері), Кеген (Қарқара, Кеген, Тасашы, Қарабұлақ ауылдық округтері) аудандарынан 16 ауылдық округ таңдалып алынды.

2023-2025 жылдарға арналған ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау үшін ауыл халқына микрокредиттер беру бойынша бөлінген сома 4 340 774,0 мың тг.:

2023 жыл – 2 340 000,0 мың тг.

2024 жыл – 1 346 227,0 мың тг.

2025 жыл – 660 547,0 мың тг.

Кредит шарттары бойынша жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 2,5%. Қаржыландырудың ең ұзақ мерзімі – 5 жыл. Қаржыландырудың ең аз мерзімі-12 ай. Несиені төлеу бойынша икемді өтеу кестесі (гибкий график) қарастырылған «ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда, жылына бір рет».

Несиелеудің негізгі бағыттары:

Үй іргесіндегі жер учаскелерді тиімді пайдалану (жылыжайлар);

Мал шаруашылығын дамыту;

Ауыл сыртындағы егістік жерлерді тиімді пайдалану;

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау;

Жеке кәсіпкерлікті дамыту (өндіру және қайта өңдеу);

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын орындау мақсатында жұмыс алгоритмі әзірленді.