Жаңалықтар

Мойынқұм ауданында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді

Мойынқұм ауданының орталығы – Мойынқұм ауылында жаңа шағын футбол алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

  Жаңа спорт нысанының құрылысы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурс негізінде жүргізілді. Жеңімпаз атанған «Кәусар» ЖК бұл жобаны сапалы түрде жүзеге асырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ашылу салтанатына аудан әкімі Ермек Карентаев арнайы қатысып, ауыл жастарына жылы лебізін білдірді.

Өз кезегінде ауыл ақсақалы Жәлел Мәзбаев көптен күткен қуанышымен бөлісіп, ауыл жастарының спортқа қызығушылығы артып келе жатқанын жеткізді.

Бұл – соңғы жылдары аудан орталығында бой көтерген алтыншы кіші футбол алаңы. Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында салынған бұл нысан – Мойынқұм ауданының 60 жылдығына орай атқарылып жатқан игі істердің бірі.

Биыл Жамбыл облысында 18 спорт кешенінің құрылысы басталып, 1 нысан күрделі жөндеуден өтуде.

Нәтижесінде, спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 70 пайызға, дене шынықтыру, спортпен шұғылданатын халық үлесі 42 пайызға жетеді.