«Нағыз патриоттар» ҚБ жетекшісі қариялардың баспаналы болуына көмектесті

0 80

Шу ауданының тұрғыны, «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалия Абитаева 4 баласынан айырылған қариялардың баспаналы болуына көмектесті.  Ұлдарынан қалған екі немересін бағып отырған қос қария бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген болатын.

Ғалия Абитаева біраз уақыт бұрын фейсбук парақшасында пәтерден-пәтерге көшіп жүрген Күләш апаның ахуалы туралы пост жариялап, көпшілікті қайырымдылық шарасына ат салысуға шақырған еді.

Тағдыр тәлкегіне түсіп, көз жасына ерік берген ақ самайлы кейуананың видеосы көпшілікті бей-жай қалдырмады.

Көп уақыт өтпей Ғалия ханым көпшіліктің көмегімен қажетті қаржы жиналып, қариялардың баспаналы болғандығын жариялады.

Ұлдарының әр түрлі жағдайда қайтыс болғандығын және алаяқтарға алданып үйсіз қалғандығын айтып зар илеп жүрген ананың бұл жолғы көз жасы қуаныштан шықты.

— Ғалия ханым туралы елден естіп, алдына барып жағдайымды айтуды жөн көрдім. Осы іске бірден кірісіп, бастамашы болған оған үлкен рахмет. Жетімін жылатпаған ел едік. Екі жетім баламен шалым екеуміз қалғанда сүйеу болып, баспаналы болуыма ат салысқан көпшілікке алғысым шексіз, — дейді Күләш Тоқсабаева.

Өткен жылы да Ғалия ханым пандемия кезінде Шу ауданындағы медициналық мекемелерге тыныс алу аппараттарын алуға себепші болған еді.

— Бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Асар» жобасына қосқан Шу ауданы тұрғындарының үлесі, — дейді Ғалия Әділқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.